Бас прокуратурада цифрлық жобалар таныстырылды

Былтыр «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы 163 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде 73 мыңнан астамы электрондық форматта тергелді. Жалпы өткен жылы елімізде ішкі істер органдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы шамамен 3 млн 395 мың хаттама толтырды. Оның 82 проценті немесе 2 млн 792 мыңнан астамы электрондық форматта жүргізілді. Бүгін Бас прокуратурада мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, құқықтық статистиканың ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған цифрлық жобалар таныстырылды.

Әділет Мұсабай, Сарыарқа аудандық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:

– Бірден бізге түскендіктен 24 сағат ішінде қарайтын шешімдер бар. Ал жаңа қылмыстық істі өндірістен тоқтату туралы болатын болса немесе мерзімін үзу туралы болса ол 3-10 күндік. Ал жаңағы күдікті тану, іс әрекетін саралау немесе қылмыстық іс-әрекетті бір баптан екінші бапқа қайтадан дәрежелеу болатын болса, ол түскен мүмкіндіктен бастап, 24 сағат ішінде қараймыз.

Цифрлық жобалардан «Әкімшілік іс жүргізудің және тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімдері», «Qamqor» ақпараттық сервисі, сондай-ақ «электрондық өтініштер» мен «қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» көрсетілді. Олардың көмегімен интерактивті режимде белгілі бір аймақтағы қылмыстың жай-күйін бақылап, талдау жүргізуге болады. Бұл проблемалық өңірлерді уақтылы анықтауға және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.