Ақмола облысында қар құрсауынан 100-ге жуық көлік шығарылды

Қарлы боран еліміздің бірқатар өңірін әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақмола облысында кеше түнде 15 республикалық және облыстық жолдардың 46 учаскесі жабылды. Алайда дабылды ескертуді елемей сапарға шығып кеткен тұрғындар қар құрсауында қалды. Тәртіп сақшылары омбы қардан 100-ге жуық көлікті алып шыққан. Шамамен 300-дей адам жылыту бекеттеріне жеткізілді. Олардың дені – әйелдер мен балалар. Ұйытқи соққан жел Жақсы және Костычево ауылындағы мәдениет үйінің шатырын ұшырып әкетті. Қолайсыз күн райының салдарынан облыс аймағында 15 жол көлік оқиғасы тіркелді.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Әсіресе, Нұр-Сұлтан-Петропавл күре жолының Шучинск елді мекені тұсында жағдай қиын болды. Жол апаты салдарынан көлік кептелісі түзілді. Құтқару жасағы қар құрсауынан 65 техниканы алып шықты. Оның жетеуі – үлкен жүк көлігі. 65 адамға көмек көрсетілді. Бүгін барлық бағыт бойынша қозғалыс жанданды. Дегенмен Нұр-Сұлтан-Павлодар трассы әлі ашылған жоқ. Өйткені жолда көру деңгейі төмен.

Ал бұл Көкшетау-Атбасар тас жолында болған жағдай. Ақ түтек бораннан Тойота көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Ваз 2115 көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Тағы бір адам ауруханада көз жұмды.

Әсет Байтіленов, жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Егер Тойота тұлпарын тізгіндеген тұлғаның кінәсі дәделденсе, ол 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осы ретте, көлік жүргізушілерін қолайыз күн райы кезінде сапарға шықпауларын тағы да сұраймыз.