Түркістан облысында отбасы үлгісіндегі балалар үйі бір орталыққа біріктіріледі

Алдағы уақытта Түркістан облысында отбасы үлгісіндегі балалар үйі бір орталыққа біріктірілетін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабайдың қатысуымен Арыс қаласында өткен дөңгелек үстелде айтылды.

Отбасы үлгісіндегі балалар үйі өңірдегі Сайрам мен Төлеби аудандарында және Арыс қаласында орналасқан. Бүгінгі күні онда 160-қа жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Алайда мамандар мұнда балалардың сапалы білім алып, саналы азамат боп қалыптасуына қажетті жағдайлар жасалмағанын айтады. Сондықтан оларды заманауи бір орталыққа біріктіру жоспарлануда.

Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

– Біз оған ең ыңғайлы деп Төлеби ауданындағы балалар үйін көріп отырмыз, балалар үйінің өзі 3 гектарға орналасқан. Ол жерге қосымша ғимараттар салып, балаларға өте ыңғайлы орын жасауға болады.

Өңірдегі балалар үйі тәрбиеленушілерінің білімі мен білігі, денсаулығы мен дамуы, болашағы мен қоршаған ортаға бейімделуі жан-жақты талқыланған жиынға «ZOOM» платформасы арқылы Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова да қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Жауапты сала мамандары осы саладағы қордаланған мәселелерді шешу бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету ол бір органның немесе мекемелердің міндеті емес. Ол барлық қоғамның міндеті. Соны шешу үшін талқылау жұмыстарын жүргізіп, арнайы кездесу өткіздік. Арнайы бір келісімге келдік. Жақында қордаланған мәселердің бәрін жинақтап, хат әзірлеп, білім министрілігіне, тиісті органдарға ұсыныс ретінде жіберіп, жақын арада біраз мәселе шешмін табады деген ойдамын.

Бұдан бөлек, департамент қызметкерлері Арысқа жасаған сапары аясында жарылыстан кейінгі қаланы қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Айта кетейік, әскери қоймада болған жарылыстан Арыс қаласында 7 мыңнан астам баспана зақымданды. Оның 500-ге жуығы қайта салынды. Бұл жұмыстарға 500-ге жуық компания мен 10 мыңнан аса құрылысшы тартылды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы