419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зейнетақы қорындағы қаражат отандық автокөлік сатып алуға беріле ме?

  • 142
  • UPD: 15:19, 19.02.2021
Зейнетақы қорындағы қаражат отандық автокөлік сатып алуға беріле ме?

Бұл – кейінгі күндері қоғамда көп талқыланған сұрақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық автоөндірушілер қор қаражатын көлік иемденуге беруді сұрады. Экономист мамандар болса, бұл пікірмен келіспейді.

Зейнетақы қорындағы қаражатқа жеке табыс салығын салуға қарсы болғандардың бірі – Олжас Құдайбергенов. Экономист мұндай мәлімдемені қыркүйек айында жасаған. Ұсынысы әлі қолдау таппады. Дегенмен бұл жолы ол басқа мәселені көтеріп отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан автобизнес қауымдастығы жасаған мәлімдемеге түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

Олжас Құдайбергенов, экономист:

– Егер біз зейнетақы жинақтары арқылы импорттық машинаны сатып алатын болсақ, қайтарымы болмайды, экономикаға әсері болмайды. 2019 жылы бұл шешім қабылданған кезде біздің мемлекетте бірнеше процесс болған. Ол қажетті нәрсе. Ал машина комфортқа жатады. Сондықтан автокөлік алуға рұқсат беру қате шешім деп ойлаймын.

Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығы елдегі жеңіл көліктердің 60 проценті ескірген дейді. Зейнетақы жинақтары арқылы азаматтар темір тұлпарын жаңарта алады. Жаңа механизм енгізілсе, отандық автоөндіріс те дамиды дейді қауымдастық өкілдері.

Ербол Сейпілов, Қазақстан автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу бойынша директоры:

– Отандық автокөліктердің сатылымы көбейсе, шығарылымы артса, локализацияны ұлғайтады. Жұмыс орындары көбейеді. Зауытқа қатысты басқа да салалар дами бастайды. Ол өз кезегінде мемлекеттің қазынасына салық төленеді. Мультипликативті эффект болады. Баға қымбаттамайды. Себебі, тек отандық көліктерді сатамыз.

Тараптардың пікірі әр түрлі. Қауымдастық ұсынысы қолдау тапса, кімге тиімді, кімге тиімсіз болатыны әзірге түсініксіз. Экономистер бұл процесс тек шетелдік өндірушілерді байытады дейді. Себебі бізде толық циклді көлік өндірісі жоқ. Бөлшектердің көбі сырттан әкелінеді. Демек қор қаражатының ел экономикасына әсері аз болуы мүмкін.

Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы