Елордада вакцинаның екінші бөлігін салу 22 ақпанда басталады

Елімізде ақпан айының алғашқы күнінен бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау басталған.

Бүгін ел астанасында өткен арнайы онлайн брифингте осыған дейін атқарылған жұмыстар жайлы есеп берілді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Брифингке Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова, Нұр-Сұлтан қаласы Алғашқы медициналық санитариялық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әлия Өмірзақова қатысты.

«Бүгінгі таңда елордада вакцинацияның үшінші аптасы аяқталуда. Вакцинация емханаларда инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық жәрдемнің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының, көпбейінді стационарларда қабылдау бөлімшелерінің медицина қызметкерлеріне жүргізілуде. Тиісті контингенттен (6300 адам) бүгінгі күні 1 980 адам вакцинацияланды», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Ол вакциналанғандардың арасында асқынулар болмағанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта ресейлік Гам-КОВИД-Вак вакцинасымен жүргізілуде. Препарат екі компонентті, үш апта аралықпен екі рет енгізіледі. Екінші компонентпен вакцинациялау 22 ақпанда басталады. Вакцинацияның толық курсынан кейін 1,5 ай ішінде ағзаның иммундық реакциясы туады, сондықтан вакцинацияланғандарға алдын алу шараларын сақтауды жалғастыру қажет. Вакцинаның келесі жеткізілімі ақпан айының соңына күтілуде», - дейді Әлия Рүстемова.

Вакциналардың жаңа партиясы келіп түскен уақытта медицина қызметкерлерін егу ары қарай жалғасады, сондай-ақ педагогтарды, күш құрылымдарының қызметкерлерін, созылмалы аурулары бар науқастарды және басқа да адамдарды кезең-кезеңімен егу басталады.

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында вакцинация жүргізу үшін егу кабинеттері, күту залдары физикалық қашықтық талаптарын сақтай отырып дайындалды, онда вакцинацияланған адамдар 30 минут бойы медициналық бақылауда болуы тиіс. Вакциналарды тасымалдауға арналған 20 мұздатқыш және 82 термоконтейнер бар. Қосымша 22 мұздатқыш қондырғы (120 литрден) сатып алынды. Бұл қажеттілікті толығымен жабады. Барлық тиісті тұлғалар КВИ-ға қарсы вакцинацияны тіркелген емханаларда тегін алатын болады», - деді.