Семейде мұзға тайып құлап, жараланғандар саны артты

Ауа райының құбылуы семейліктерді әбігерге салды. Қаладағы қозғалыс қиындап, көк мұздан жығылып жарақат алғандар еселеп артқан. Толассыз жауған нөсер жаңбыр жүргізушілердің де жүйкесін жұқартты. Көктайғақтың кесірінен бірқатар тас жол жабылды.

Бұл Семейдегі бүгінгі көрініс. Табиғаттың тосын мінезінен қала көшелері көк мұзға айналды. Көлік түгілі жаяу жүрудің өзі азап. Тұрғындардың дені жұмыстан қалуға мәжбүр болды. Бұдан таксишілердің ұтқаны көп. Діттеген жерге апаруға қашанда дайын тұратын олар қызмет құнын аспандатып жіберген.     

- «Восточный» как зеркало, ехать не можем. Стаскивает сразу.

Көктайғақ кесірінен құлап, жарақат алғандар күрт көбейген. Таңнан бері 40-тан аса адам травматология бөлімшесінің көмегіне жүгінген. Төртеуіне операция жасауға тура келіпті.

Аусела Әбішева, қала тұрғыны:  

- Өзімнің үйімде есіктің жанында құладым. Жедел жәрдем шақырдым. Уақытында келді. Содан айнаға түсірді. Жақсылап көмек жасап жатыр.  

Дәурен Дүйсенбаев, травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жедел жәрдем үлгермей жатыр. Адамдар өз күшімен келіп, әрең жетіп жатыр. Көмектер көрсетіліп жатыр. Рентген жасалып, гипстер салынып жатыр.

Арнайы техникалар да күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Мамандар негізгі көшелерге құм мен тұз сеуіп үлгермей жатыр. Қолайсыз ауа райынан бірнеше бағыт бойынша барлық түрдегі көлік қозғалысына шектеу қойылған. 

Думан Икенов, қалалық ТЖБ Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері:

- Көктайғақтың болуына байланысты республикалық маңызы бар жолдар барлық автокөлік түрлеріне жабылды. Және де қала тұрғындары мен қонақтарына Семей қаласының ТЖБ ескертеді: қажет болмаған жағдайда далаға көп шықпауларыңызды сұрайды.

Синоптиктердің болжауынша, дауылды ескерту бірнеше күнге созылады. Көктайғақтың беті ертең де қайтпайды. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді.

Данияр Сұлтанұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов