Шымкентте кинотеатрлар көрермен санын қысқартуға мәжбүр болады

Шымкентте карантин және шектеу шаралары 8 наурызға дейін ұзартылды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысында белгілі болды. Шымшаһарда әлі күнге дейін мерекелік іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Алайда дәмханалар мен мейрамханаларға келушілерге түн ортасына дейін қызмет етуге рұқсат етілді. Олар осыған дейін түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеп келген еді.

Қаладағы кинотеатрлар көрермен санын қысқартуға мәжбүр болады. Енді кинозалдардағы көрерменнің толу деңгейі 30% ғана болуы керек. Олар зал ішінде бетперде киіп, арақашықтық сақтап отыруы тиіс.

Жаңа қаулыға сәйкес, қала ішінде қатынайтын автобустардың санын халық жұмысқа баратын және қайтатын уақытта көбейту қажет. Қалған уақытта қоғамдық көлік бірыңғай кестемен жүреді. Сондай-ақ мобильдік топтарға бақылау жұмысын күшейту туралы шешім қабылданды.