Шымкентте «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы халықты қанап келгені анықталды

Шымкентте жұртты көгілдір отынмен қамтитын «ҚазТрансГазАймақ» Акционерлік қоғамы халықты қанап келгені анықталды. 

Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаменті мәлімдеді. Мәселен, «ҚазТрансГазАймақ» филиалы 5 жыл бойы тұтынушылардан 160 млн теңгені көлеңкелі жолмен қалтаға басқан. Енді компания халықтан артық алған ақшаны қайтаруы тиіс. Бұл заңсыздықты жергілікті табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары анықтады. Ал қалаға газ таратушы мекеме  алдын ала айтылған ескертуге қарамай заңсыздыққа барған. Яғни үйлеріне газ қостырмақ болған тұтынушылардан ақша алған. «Олардың бұл әрекеті заңға қайшы» дейді департамент өкілдері.

Дархан Қайыңбердиев, қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:

- Жаңадан қосылған тұтынушылардан 10-12 мың теңге алған. Қосылу үшін. Заң бойынша біз «ақша төлемеу керек» деп тексеру жүргізген кезде позициямызды бергенбіз. Олар келіспей сотқа берді. Сотта ол мәселе қаралып, кеше ғана шешім шықты 5 жыл бойы алған 160 млн теңгені тұтынушыларға қайтаруы керек деген аппеляциялық шешім шықты.