БҚО-да жасырын түрде думанды кеш өткізу тыйылмай тұр

Батыс Қазақстан облысында өткен тәулікте 83 адамнан коронавирус анықталды. Ақпан айы басталғалы бері мұнда ауру жұқтырғандар саны 1300-ден асты. Науқастардың көбі егде жастағы тұрғындар.

Жәнібек және Шыңғырлау аудандарында ауру өршіп кеткендіктен карантин талаптары күшейтілді. Қос ауданда қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс кестесіне шектеу қойылды. Ал сауда нысандары сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді.

Бір айта кетерлігі, өңірде жасырын думанды кештер өткізу әлі тыйылмай тұр. Осы айда карантин талаптарын бұзған адамдарға жалпы көлемі 5 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Мұхамғали Арыспаев, облыстық  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Осы қаңтардан бері 916 рейд жүргізілді. 7925 нысан тексерілді. Сол тексерілген нысандардан 79 хаттама толтырылды. Әлі де біздің облысымызда осындай карантиндік талаптарды бұзған фактілер өте көп. Мысалы, Бөкей Орда, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында үй жағдайында той жасау немесе тойханаларда той жасау фактілері осыақпан айында тіркелді.