Министр Мырзағалиев Атыраудағы мұнай компанияларын сынға алды

Атырау облысына Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен барды.

Министрдің төрағалығымен өткен жиында экологиялық кодекс талқыланды.

Айта кетерілігі, 2022 жылдан бастап табиғатты қорғау шараларынан түскен төлемдер толықтай жергілікті атқарушы органдардың экологияны жақсарту бағдарламаларын қаржыландырады. Сондай-ақ ірі кәсіпорындар 10 жыл ішінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізетіні мәлім болды. Осы кезеңде олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар жаңа технологиямен жабдықталмаса, эмиссия үшін төленетін төлем көлемі өседі. Мәселен, 2025 жылы екі есеге, 2031 жылы сегіз есеге дейін жоғарылайды.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Бүгінгі күні де эмиссия төлемдері жергілікті бюджетке келіп түседі. Дегенмен, түскен төлемдер әр түрлі салаларға жұмсалады. Енді жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, осы эмиссиядан түсетін төлемдер экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бағдарлдамаларға ғана жұмсалуы тиіс.

Жиында экология министрі мұнай компанияларының облысты көгалдандыру жұмыстарына сын айтты. Сондай-ақ Жайық өзенінің тартылу қаупі талқыланды. Экологиялық кодекске сәйкес, әкімшілік жауапкершіліктің күшейтілгені де  айтылды. Ал калдықты жинау және жою кезінде атмосфералық ауаны қорғау мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл 5 есеге артқан.