Жаңатастағы өрт: оқиғаға байланысты комиссия құрылды

Жаңатас қаласында көп қабатты үйде пәтер өртеніп, 5 бірдей сәби ажал құшты. Балалардың алды 6-да, кішісі 1 жасқа да толмаған.

Қолда бар мәлімет бойынша кішкентайлардың әкесі жұмыста, шешесі дүкенге шығып кеткен екен. Балалар иіс тиіп көз жұмған. Тез арада ауруханаға жеткізілгенімен дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады. Өрттің шығуына қатысты облыста арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында прокуратура, полиция, төтенше жағдай қызметі және басқа да сала мамандары бар.

Мақсат Әкімбаев, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы:

- Қазіргі кезде өрт оқиғасын анықтау мақсатында өрт орнына өрт сынақ зертханасы жолданды. Өрттің шығу себебі бойынша екі мүмкін болу себебі анықталуда. Ол электрлі қысқа тұйықталуы немесе балалардың өртпен ойнауы.  Себебі қараусыз қалдырылған.  Аталған жанұя осал топқа жатпайды.  

Жаңатаста болған қайғылы жағдайға байланысты зардап шеккен отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі.

«Психологтар жәрдем ұсынып, атқарушы орган жерлеу рәсімін ұйымдастырады», - делінген Жамбыл облысы әкімдігінің хабарламасында.