425,13 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар мал ұрлығынан зар илеп отыр

  • 290
  • UPD: 23:43, 19.02.2021

Әсіресе Үржар, Жарма, Ұлан ауданындағы жұртты бұл мәселе әбден қажытып жіберді. Шалғайдағы күршімдіктер де отыз жылдан бері ұры-қарыдан зардап шегіп келеміз дейді. Бұл аздай, бір жағынан бруцеллез ауруы да қорадағы малды азайтып жатыр.

- Енді ұйымдасқан қылмыс қой бұл, таза ұйымдасқан қылмыс!

Бұл Қалжыр ауылының азаматтары. Барлығы да қолындағы азды-көпті мал үшін алаңдаулы. Ұрлықтың өршіп, ұры-қарының еркінсіп бара жатқанына ашынады.

Ермырза Есімжанов, Қалжыр ауылының тұрғыны:

- Отыз жыл болды үнемі мал ұрлығы, полицияға арыз жазамыз, оның бәрі ашылмайды, полиция жатады, таппайды. Былтыр аудан прокурор келген, содан бері  жарты жыл ішінде 33 бас ірі қара мен жылқы кетті, төртеуі сиыр, қалғаны жылқы, көрші ауылдан осы жолы 20 бас кетті.

Жұрттың жабыла айтып тұрғаны да бекер емес. Айтуларынша, ұрылар әбден басынып барады. Тіпті олар қай малдың иесі қайда кеткенінен хабардар екен. Сөйтіп, ел түз тағысына татырмай отырған малынан әп-сәтте айырылып, сан соғып қалады.

Қуанышбек Ниязов, Қалжыр ауылының тұрғыны:

- Бұл ұры-қары деген қасқырдан да қауіпті өте қатты білмеймін, қасқырға бермей жүрген малымыз, ұры қарыдан нете алмаймыз. Ұйымдасқан топ қой бәрін бледі кімнің қайда кеткенін көзің тайып кетсе болды, былтыр қалаға кетіп қалғам таңғы алтыда топырақ салып келуге, кешке келгенде жоқ, бес бас жылқы жоғалды.

Жау жағадан алғанда бөрі етектен демекші.Бір жағынан бруцеллез ауруы да толығымен жойылмай тұр. Ұрыдан әрең аман қалған мал осы кеселге тап болып жатыр.

- Қорамыз бос қалды ауылда 100 процент кетті ғой мал. 

Ветеринарлардың айтуынша, сарп ауруы Қалжыр ауылдық округінде алдыңғы жылы 560 бас малдан анықталса, өткен жылы 50 шақты малдан шыққан. Мамандар тек тұрғындар салғырттық танытпай малға уақтылы екпе салдыртып отырса ғана, бұл кеселден толықтай құтылуға болады дейді.

Роллан Мұқашев, Қалжыр ауылдық округі ветеринарлық пункт меңгерушісі:

- Ең алдымен халық бірігіп жиналып, тездетіп дәріні алып, вакцина егетін болсақ, онда біз тез тез бұны жоямыз. 

Бруцеллезге қарсы екпе бар әйтуір. Ал ұры-қарының емі жоқ. Полиция қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Айтуларынша, 2020 жылы мал ұрлығы 13 процентке төмендепті. Дегенмен, малдың қолды болуына да бірнеше себептер бар көрінеді.

Айдын Әділғазинов, ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Ең бірінші себептен еркін жайылымда жүрген мал көп деп есептейміз, мысал келтіргенде Қалжыр ауылдық округінде 9 қылмыстық іс тіркелсе соның 8 даладан кеткен болып саналады. Ал нақты қорадан ұрланған факт біреу ғана. Мал бағылса ұрланбайды, қараушысы бар жерге ұры жоламайды.

Енді полиция қызметкерлері ауылдықтарға малды кезекпен бағып, жылқыға чип салу туралы кеңес беріп жатыр. Жалпы өткен жылы облыста мал ұрлау қылмысына қатысы бар 141 адам жауапкершілікке тартылыпты.

Айта кеткен жөн, ұры-қарының тез із суытуына жоғалған мал туралы мәліметтің кеш түсуі де ықпал етеді дейді тәртіп сақшылары.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы