Тұрғындар демалыс саябағына жатақхана салуды табиғатқа жасалатын қиянатқа теңеді

Алматы тұрғындары Орталық демалыс паркінің аумағында 327 орындық студенттер жатақханасын салуға қарсы.

Онсыз да түтінге тұншыққан қалада саябақтың әр шаршы метрі құнды. Ал құрылысқа тапсырыс беруші Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің басшылығы «жатақхана оқу орнынына тиесілі жер теліміне салынады» дегенді алға тартады. 

Наразы топтың көпшілігінің балалық шағы осы саябақта өткен. Олар уақыт өткен сайын саябақтың аумағы кішірейіп бара жатқанына қынжылады. Жатақхана салынса аумақтан 67 ағаш кесіледі.

«Бұл табиғатқа қиянат», - дейді белсенділер. Жерге қатысты мәселе жоқ.

«Тек жатақхана бой көтерсе жастар шулап, тыныштығымызды бұзады» дейді сол маңайда тұратындар.   

Татьяна Гайнуллина, қала тұрғыны:

- Бұл бұрынғы Алматыны еске салатын жалғыз саябақ. Уақыт өте келе келер ұрпақ мұндай саябақ болғанын мүлде ұмытатын шығар. Тұратын жер үшін, ақша үшін неге демалатын жерлерді шығындауымыз керек? Қалада жатақхана салатын басқа да жерлер бар ғой.

Жатақхана құрылысына тапсырыс беруші Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Оқу орыны басшылығының айтуынша, Орталық демалыс паркімен шектесетін 4 гектар жер 2011 жылы университеттің иелігіне берілген. Бұл жерде қазір әскери кафедра мен дене шынықтыру факультетінің студенттері оқитын екі оқу ғимараты бар. Ал жатақхана құрылысын қала әкімдігі мақұлдаған.

Ғабит Дулатов, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры: 

- Осы территорияда 4 гектардың ішінде бізде 11 сотық жерге 2018 жылы қала әкімінің қаулысымен бізге жатақхана салуға рұқсат берілген. 2018 жылдан бері инвесторлар жасалынды, көптеген техникалық басқа да жұмыстар жүргізілді, қазіргі уақытта барлық құжаттар заң аясында рұқсат етілген, қалалық қызметтермен бәрі келісілген.

Ия, жатақхана да маңызды мәселе. Оқу орнындағы 13 жарым мың студенттің 5 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Бар-жоғы бес жатақхананың алды өткен ғасырдың 1939 жылы салынса, соңғысы 1989 жылы тұрғызылыпты. Егер жаңа жатақхана салынса, 327 студентке тұратын жер болады екен. Бірақ мәселені шешудің басқа да жолы бар.

Ғабит Дулатов, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры: 

- Енді халық қарсы, қазіргі уақытта университет басшылығы тарапынан басқа да жағдайларды қарастырып жатырмыз. Басқа жерлер ұсынса бізге салуға сол инвесторымызбен, сол проектімізбен барып басқа жерден салуға дайынбыз. 

1 наурызда осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өтеді. Қала тұрғындары жанайқайларын жоғары жаққа жеткізу үшін онлайн петиция жариялады. Қазіргі уақытта жатақхана салуға қарсылық петициясына 350-ге жуық адам қол қойған.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон