Жамбыл облысы Қаратау қаласында ерекше қабілетті қыз тұрады

Туғанынан сал ауруына шалдыққан жан аузымен сурет салып, кесте де тігеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде оның картиналарына сұраныс артып, түрлі аукциондарға жолдама ала бастады. Бейнелеу өнерін серік еткен шебер қызбен жергілікті тілшіміз Руслан Бақытбекұлы кездесіп қайтты.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қаратаулық суретші Аяжан Жуатай алғашында дайын суреттерді бояп бастаған. Уақыт өте келе бейнелеу өнеріне қызығушылығы артып, өзі салатын болды. Әсіресе, күз мезгілін қағаз бетіне түсіргенді жаны сүйеді. Ерекше қыздың салғанын екінің бірі қайталай алмайды. Оның картиналары республикалық байқауларға ұсынылып, үздік деп танылған. Тіпті бас қалада өткен қайырымдылық аукционға да шығарылған.

Аяжан Жуатай, суретші:

- Сурет салған кезде мен басқа әлемге кіргендей болам. Басқа бір қиялдарға. Өмірде болмаған нәрселерді суреттен іздеймін. Ең болмаса, суретте болсын менің қиялдарым, менің өмірім деген сияқты.

Кейіпкер бүлдіршін кезінен денсаулығына байланысты ерекше балаларға арналған интернатта оқыған. Алайда, оның таудай талабы мен қабілеті ескеріліп, орта мектепке жолдама беріледі. Мектепті үздік тәмамдап, бүгінде сурет салуды тоқтатқан емес. Қазір ине мен жіпті игеріп, кесте тігуді қолға алған.

Айман Оразбекова, Аяжанның анасы:

- Мәнерлеп өлең де жақсы айта алады. Өлең оқи алады. Жақсы айтады. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін. Мәнерлеп айтады. Көбінесе түнде. Шабыты да түнде келеді. Ешкім жоқта микрофонмен өлең де айтады.

Аяжанның  ерекше дарынын байқаған ұстаздары оған үнемі бағыт-бағдар беріп отырған. Қазір мектепте Аяжан Жуатайдың шығармашылығына арналған шағын көрме де бар.

Мая Ысқақова, Аяжанның ұстазы:

- Үлгерімі өте тамаша, керемет, жазуларын көрсеңіз, ондай жазуды енді ауызбен қаламсапты ұстап жазғанда керемет, мен иформатикадан сабақ беріп, пернетақтадан ақ карандашты аузына салып алып, қаріптерді тергенде таңғаласыз.

Аяжан түрлі тақырыпта жүздеген картина салған. Қазір әлеуметтік желіге жарияланған суреттеріне сұраныс артып, қызығатындар көбейген. Қаршадай қыз: «Ешкімге масыл болғым келмейді» дейді. Керісінше, білімін шыңдап, дизайнер болу арманы. Жуырда тігінші құрбысымен бірігіп, жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Әуесқой суретші сәнді киімдердің дизайндарын жасап, тігін бизнесімен айналысуға бел буып отыр. Тек титтей демеу болса болғаны.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев