БҚО-да тасқынның алдын алу шаралары басталды

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қауіпсіздік айлығы жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге аймақта күн әлі суық. Қар ери қойған жоқ. Дегенмен, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары сақтық шараларына кірісіп кетті. Бұл бағытта бюджет есебінен 1,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат қарастырылған. Сала басшылары жанармай және құм қоры жеткілікті екенін айтады. Ал бірқатар арнайы техника бойынша шарт жасалып жатыр. Елді мекендерден 460 мың текше метрден астам қар шығарылды. Мамандар тұрғындарды ақ ұлпаны аршу жұмыстарына үлес қосуға шақырады. Әсіресе, бизнес өкілдері өз иелігіндегі нысандардың айналасын тазалауға міндетті. Ескертуді елемеген 4 кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды. Орал қаласы 4 өзеннің сағасында орналасқан, сондықтан су деңгейінің көтерілу қаупі жоғары. Құзырлы орган Ресейдің көршілес аймақтарымен жедел және болжамдық ақпарат алу мүмкіндігін жасады.

Бақытжан Ихсанов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Күннің күрделі өзгеріп кетуі, мысалы жауын-шашын бар ма екен, сол бағытта ақпарат алмасу жұмыстары жүргізіледі. Көктемгі кезеңдегі ТЖ жоюға тартылатын күштер мен құралдардың жалпы тобы 2500-ден жоғары адам бар. 730-дан астам бірлік техникамыз бар. 45 жүзу құралы және 300-ге тарта мотопомпаларымыз бар. Күштер мен құралдардың дайындығы «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуда тексеріліп, дайындаламыз.