419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысындағы ауылдарға газ жеткізу қиынға соғып тұр

  • 147
  • UPD: 22:24, 20.02.2021

Қызылорда облысының 65 проценті табиғи газ тұтынады.

Облыс орталығы мен аудандар магистральді желіге қосылғанымен ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көре алмай-ақ келеді. Жергілікті әкімдік тіпті Қызылорда қаласына тиіп тұрған елді мекендердің өзіне құбыр тартып бере алмай отыр. Ал шалғай ауылдарға газ жеткізу мүлде мүмкін еместей көрінеді. Енді аймақ билігі жылдарға созылған бұл мәселені мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында шешіп көрмек.

Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылы - орталық желіге қосылған облыстағы санаулы елді мекендердің бірі. Әйтеке би кенті іргесіндегі ауылдың 320 үйіне газ кіргізуге 209 миллион теңге жұмсалды. Күн суыса, көмір іздеп аудан орталығына тұра шабатын тұрғындардың көгілдір отын келгелі тұрмысы өзгеріп сала берді.

Бақытберген Таңжанов, Ғани Мұратбаев ауылының тұрғыны:

- Күз басталғаннан жыңғыл шауып, көмір дайындап қанша бейнетке қалатын едік. Үкіметтің, елдің арқасында ауылға газ келіп, патшадай болып газ жағып отырмыз. Үйіміз жылы, бүкіл ауыл қуанып жатыр. Бір тонна көмірдің бір айлық ақшасы кетпейді. Байқап отырмыз ғой.

Қазалы ауданының бюджеті 20 миллиард теңгеден асып жығылады. Бірақ барлық ауылдарды газдандыруға әрине қазынаның қаржысы жетпейді. Осы ретте елді мекендерге газ тартудың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге жеке кәсіпкерлер атсалыспақ. Әріптестік аясында шалғай ауылдарға да көгілдір отын жеткізудің бірнеше кезеңдік жоспары бекітілді. 

Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының әкімі:

- Жалпы құны 880 млн тг жобасы Қазалы қаласының газдандыру мәселесі. Қазір жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл жоба бойынша аяқталу керек. Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов, Басықара ауылдарын газдандыру сметалық құжатын дайындауға 22 млн тг қаражат бөлдік. Наурыз айында бітуі керек, сол кезде энергетика министрлігі және Казтрансгаз-аймақ мекемесіне ұсыныс береміз. Себебі олармен келісім бар. 

Алыс ауданнан облыс орталығына ойыссақ, Қызылорда қаласы маңындағы 9 елді мекеннің бесеуі газға қосылған. Биыл Ақсуат ауылдық округіне жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Қалғандары әдеттегідей келер жылдардың еншісіне ысырыла бермек.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы