417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Хорезмдегі қазақтар ана тілін сақтап қалуға талпыныс жасап жүр

  • 83
  • UPD: 10:16, 21.02.2021

Өзбекстанның Хорезм облысында 13 мыңға жуық қазақ тұрады. Оңтүстіктегі қандастар ана тілі мен ділін сақтап, дәстүрді берік ұстанып жүр. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын мәдениет үйі де ашылыпты.

«Бірақ баланың қиялын байытып, көкжиегін кеңейтетін қазақ қаламгерлерінің еңбегі жетіспей жатыр» деп налиды жергілікті қазақтар. 

Жасын Біркенов, тілші:

- Бүгінде Хорезм облысында 13 мыңдай қазақ бар. Оның 4 мыңы Үргеніш ауданындағы Шалыс ауылында түтін түтетіп отыр. Бір қызығы, өңірде жұмыс істейтін екі қазақ мектебінің бірі осында орналасқан.

Жат жұртта тамырын тереңге жайып, ұрпақ өрбітіп отырған қазақ балалары ана тілінде білімді мына мектепте алады. Қазір оқу ордасында 250-ге тарта оқушы оқиды. Тәлімгерлер қазақ ақын-жазушыларының өлеңдерін оқып, әндерін айтып, осылайша ұлттық мұрамызды ұдайы дәріптеп отырады екен.

Бірақ өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, сөздік қорын байыту үшін көркем әдебиет тапшы, деп қынжылады мұндағы ағайын.

Зияда Кетебаева, мектеп директоры:

- Көркем әдебиет жетіспейді. Мектепте 245 оқушы болса, кемінде осынша көркем әдебиет керек. Бірақ қазір 50-60 шақты көркем әдебиет бар. Әдебиет онша жетіспейді.

Қиырдағы қазақтар Ұлы даланың ұлыларын ұдайы ұлықтап жатқанын айтпағанда, рухани құндылықтарымызды да әрдайым дәріптеп жүр. Ауылдағы мәдениет үйінде балалар ән айтып, домбыраның құлағында ойнауға машықтанып жатыр.

Бұл жерде тігін ісіне де үйренуге болады. Қазірдің өзінде 60-қа жуық қазақтың қыз-келіншегі ұлттық киімдер мен бұйымдар жасауға икемденіп алған.

Ханбибі Құдабаева, Мәдениет үйінің директоры:

- Бұл үйірмеде қыз жасаулары, ұлттық киімдер, шымылдық-көрпешелер тігеміз. Жұмыстан бос кезде әйелдер, қыз-келіншектер қыз жасаулар тігіп, ою ойып, өз өнерлерін көрсетеді. Мұндағы мақсатымыз өзіміздің ұлттық өнерімізді дамытып, кейінгі ұрпаққа жеткізу. 

Іргедегі елде бас-аяғы 300-ден аса қазақ мектебі бар. Ал мәдениет үйлері жоқтың қасы. Дегенмен жергілікті қазақтар ұлттық құндылықтарымыз жойылып, тіліміз жетімнің кебін кимес үшін барын салып жүргенін көрдік. 

Авторлар: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы