Түркістан облысында 50 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр

Соның бірі Созақ ауданы, Ақсүмбе елді мекенінде салынуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шалғайдағы шағын ауыл тұрғындары үшін ерекше жаңалық. Себебі ауыл балалары әлі күнге дейін тозығы жеткен ескі мектепте оқуға мәжбүр. Жергілікті билік мәселе биыл күзде шешіледі деп отыр.

Ақсүмбе – Алаштың асыл перзенті Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамған жер. Қоғам қайраткері 1894 жылы Қаратаудың теріскейіндегі мына шағын ғана ауылда дүниеге келген. Жерлестері ұлтын шексіз сүйген ұлмен мақтанады. Алайда ауылдағы Сұлтанбек Қожанов атындағы мектеп әбден ескірген. Алғашында қойшылардың үй есебінде салынған нысан 90-жылдардың басында мектепке айналдырылған. Қазір мұнда 110 оқушы білім алады.

Аида Ілияс, 8-сынып оқушысы:

- Біздің мектебіміз өте ескі. Заман талабына сәйкес келмейді. Бізде арнайы үйірмелер өтетін орындар жоқ. Әр сыныпқа көшіп жүру қиншылық тудырады. Қазір бізге жаңа мектеп салынып жатыр. Жаңа мектепте оқитынымызға қуаныштымыз. Жаңа мектеп бізге мүмкіндіктер береді деп ойлаймын.

Жаңа білім ұясының қазығы 2019 жылы Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай қағылған. Алайда өткен жылғы пандемия кезінде құрылыс жұмыстары уақытша тоқтаған. Ауыл әкімінің айтуынша, биыл наурыздан бастап, құрылыс қайта қарқын алады. Екі қабатты ғимарат 100 орынға лайықталған. 

Оразхан Ермахан, Қаратау ауылдық округінің әкімі:

- Өткен жылы біршама жұмыс атқарылды. Биыл пайдалануға береміз. Мектеп заманауи талаптарға сәйкес, спорт залы да, асханасы бар, физика, химия пәндеріне арналған зертханалық жұмыстар жүргізуге, заманауи талаптарға сәйкес.

Білім ұясы толық материалдық-техникалық базамен жабдықталады. Жоба құны – 620 млн теңге. Аудан әкімдігінің бюджеті есебінен қаржыландырылған. Ал ескі мектептің ғимараты ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша балабақшаға айналдырылады. Жалпы Түркістан облысында 50 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы