Семей тұрғыны өзі секілді құлағының мүкістігі бар жандар үшін курс ашпақ

 40 жыл бұрын есту қабілетінен айырылған Семей тұрғыны өзі секілді құлағының мүкістігі бар жандар үшін тағы бір игі істі қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қашанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайына болысып, жастарды жұмыспен қамтуға көмектесетін Ардақ Омар енді ым-ишара тілін үйрететін курс ашуға дайындалып жатыр.

Ардақ Омар есту қабілетінен 10 жасында айырылған. Бұл ауыр дерттің салдары екен. Содан бері, 40 жылдан астам уақыт өтсе де, денсаулығы бір түзелмей қойыпты. Бірақ өмірге деген құштарлық жігерлі жанды еш мұқалтқан емес. Қайта өзі секілді жандарға қолдау көрсетіп, бар көмегін көрсетіп келеді.

Бекжан Кенжин, спортшы:

- Мен бала күнімнен естіп, сөйлеген емеспін. Арнаулы мектеп оқып, білім алдым. Саңыраулар қоғамы маған жұмыс тауып беруге көмектесті. Кейін жеке кәсібімді ашып, ісін жүргіздім. Ардақ Омар бізге қашанда қол ұшын созуға дайын. Оның мұндай қамқорлығы үшін зор алғысымды білдіремін.

Бекжан Кенжин – Ардақтың зор қамқорлығын сезінген жандардың бірі. Спортқа бейім азаматтың арманын іске асыру үшін әкімдік пен өзге де мекеменің табалдырығын тоздырды. Демеушілер тапты. Нәтижесінде, Бекжан есту қабілеті бұзылған жандар арасында футбол командасын құрды. Стадионнан қажетті жаттығу залы да бөлініп, тиісті жабдықтармен қамтылды. Бүгінде команда мүшелері кезекті жарысқа дайындалып жатыр. 

Ал бұл – құлағы естімейтін адамдарға арналған клуб. Мұнда шығармашылық қабілетті шыңдау үшін барлық жағдай жасалған. Бұл да Ардақ Омардың белсенділігі арқасында пайда болған орын. Жігерлі жан мүгедектерге әрдайым қолдау көрсетуді өз міндетіне айналдырған. Ауқымды істерді мемлекеттік органдармен де бірлесе атқарады.

Ардақ Омар, қазақ саңыраулар қоғамының семей өңірлік филиалының төрағасы:

- Әлеуметтік тұрғыдағы мәселелер жетіп артылады. Оның ішінде ең негізгісі – жұмыспен қамту. Есту қабілеті бұзылған жандарды ешкім қызметке алғысы келмейді. Сондықтан да бұл проблеманы біз әрдайым айтып, көтеріп отырамыз. Сондай-ақ осы санаттағы азаматтардың қоғамдық көлікте жүруі үшін жеңілдік болғанын қалаймыз.

Құлағының мүкістігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуден өзге, Ардақ Омар іскер әйелдер қауымдастығы және «Даму» қорымен де тығыз байланыс орнатқан. Өтініш білдіргендердің жобасын гранттық байқауларға да жолдап отырады. Енді оның бастамасы бойынша жуырда қалада алғашқы ым-ишара тілін үйрететін курс ашылмақ. Оған есту қабілеті нашар жандар ғана емес, кез келген адамның келіп тіл үйренуіне болады. Жалпылай алғанда, Семейде бүгінде 300-ден астам есту қабілеті бұзылған адам тұрады. Олар үшін жігерлі жан өз ісімен үлгі көрсетіп келеді. Ал Ардақ Омардың басты арманы – өз ұлының «Ана» деп айтқан сөзін есту.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Асем Утешева, Медет Өмірханов