419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бас санитар мен денсаулық сақтау вице-министріне вакцинаның екінші дозасы салынды

  • 118
  • UPD: 09:57, 22.02.2021

Бүгін, яғни 22 ақпан күні еліміздің бас санитары мен денсаулық сақтау вице-министріне «Спутник V» екпесінің екінші дозасы салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер естеріңізде болса, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 1 ақпан күні алды. Арада үш апта өткенде жалпы нұсқаулыққа сай екінші рет екпе егілу тиіс еді.

Дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 қалалық емханада ресейлік «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдыру кезін біздің арна тікелей эфирде көрсетеді. Жалпы санитариялық талапқа сай бұқаралық ақпарат құралдарына іс-шарадан хабар таратуға шектеу қойылады. Тек «Хабар 24» арнасына ғана рұқсат берілді. 

Дерек үшін айта кетейік. Денсаулық сақтау министрлігі жыл аяғына дейін 6 миллион адамға екпе салуды жоспарлап отыр. Бірінші кезекте аурухана қызметкерлері, екінші кезекте жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындары, медицина мекемелері қамтылады. Оларға екпе наурыз айынан салына бастайды. Сәуір айынан мектеп-интернат, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, созылмалы ауруы бар студенттердің кезегі басталады.

Өткен аптадағы ақпарат бойынша елімізге 22 мың вакцина жеткізіліпті. 17 мың адамға екпе салынған.

Хабар 24 телеарнасы