Қазақстандық дизайнерді өлтірді деген азамат 11 жылға сотталды

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Bisen атымен танымал дизайнер Сәбит Сыраханның өліміне кінәлі адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сот Сағыныш Дүйсенғалиевті ҚРҚК 99-бабы, 1-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша кінәлі деп таныды. «Сот үкімімен С.Дүйсенғалиев 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталаушы қаза тапқан жігіттің отбасына 10 млн теңге моральдық залал өтеуге міндетті», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Ал прокурор айыпталушыны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Алматылық жас дизайнер Сәбит Bisen ауыр соққыдан қайтыс болды. Төбелес кезінде соққы алған дизайнер жігіт дәрігерлер оқиға орнына жеткенше көз жұмған.

Айта кетейік, жас дизайнер Сәбит Bisen рэп әншілері мен хип-хоп мәдениетінің өкілдеріне арнап streetwear-бренд ашқан.