419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Вакцинаның ешқандай жанама әсерін сезінген жоқпын – денсаулық сақтау вице-министрі

  • 101
  • UPD: 14:49, 22.02.2021

Елімізде ресейлік Спутник V вакцинасын ектірудің екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят кезекті екпесін салдырды. Елорданың №6 қалалық емханасында өткен шара жөнінде толығырақ тілші материалында.

«Вакцинаның ешқандай жанама әсерін сезінген жоқпын». Спутник V екпесінің екінші дозасын салдыртқаннан кейінгі денсаулық сақтау вице-министрінің алғашқы мәлімдемесі осы. Коронавирусқа қарсы ресейлік екпені елімізде 19 908 адам салдыртқан. Осыдан 21 күн бұрын бас мемлекеттік санитар дәрігерімен бірге науқанды бастап берген осы денсаулық сақтау вице-министрі болатын.

Ажар Ғинаят, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Бүгін халық алдында екінші екпені алу себебіміз вакцинацияның керек екенін, ауруды бірден-бір жеңудегі шара –организмді иммунитетпен қорғау. Сол үшін әзірленген қауіпсіз екпені алуды сұраймыз.

Осылайша «Спутник V» екпесін бірінші болып салдыртқан медициналық мекеме қызметкерлері бүгін кезекті дозасын ектіреді. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылардан кейін наурыздағы науқанға ұстаздар мен полицейлер, ал сәуірде студенттер қосылмақ. Айтпақшы, еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов та өзінің қызы екпені міндетті түрде салғызатынын жеткізді.

Ерлан Қиясов, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Әлбетте, жақын туыстарымның барлығы вакцина салғызып, өздерін қауіпсіз сезінгенін қалаймын. Бүгінгі таңда вирустан қорғанудың ең тиімді жолы осы. Отбасы мүшелерінің арасынан студент ретінде үлкен қызым бұл вакцинаны алғашқылардың бірі болып ектіреді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қалғандары әзір вакциналау науқанына бірінші болып қатысатын санатқа жатпайды.

Қазақстанның Бас санитар дәрігері атап өткендей, елімізде вакцина өндірісі жолға қойылысымен, азаматтарды екпемен толық қамту мүмкін болады. Сәуір айында KazCOVID-in отандық екпесінің үшінші клиникалық сынағы бітуі тиіс. Бұл да вирусқа қарсы күресті күшейте түсетіні анық.

Хабар 24 телеарнасы