Қарағандыда сот судьясының қатысуымен өткен шулы той туралы жаңа мәліметтер анықталды

Анасының тойын ұйымдастырған судьяның туған бауыры болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мониторингтік топтың хабарлауынша, ол өзіне салынған 34 мың теңге көлеміндегі айыппұлды төлеген. Алайда мейрамхана иелері карантин талаптарын бұзу туралы хабарлама алса да, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мән-жайды анықтамаған. Енді осыған байланысты қазір тәртіп бұзушылық деңгейі анықталып жатыр.

Еске сала кетейік, осыдан бір ай бұрын қаладағы мейрамханалардың бірінде карантин талаптары бұзылып, дүбірлі той өткен. Жақында ғана сол тойда облыстық соттың судьясы Естай Исабековтың болғаны анықталды. Желіде тараған бейнежазбадан оның мониторингтік топ өкілдерімен бейәдеп сөйлескенін анық байқауға болады.

Еркеш Мәукен, облыстық соттың бақ-пен жұмыс жасау бойынша судья-координаторы:

– БАҚ құралдарында және әлеуметтік желілердегі Қарағанды облыстық сотының судьясы Исабековке қатысты бейнетаспа бойынша қызметтік тексеріс жүргізілгенін хабарлаймыз. Тескеру материалдары облыстық судьялар одағының филиалының сот әдебі жөніндегі комиссия қарауында. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланады.