Елордада 21 мектеп карантинге жабылды

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елорданың білім беру ұйымдарындағы коронавирус статистикасын айтып берді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«2021 жылдың 22 ақпанындағы жағдай бойынша жаңа оқу жылы басталғалы оқушылар арасында КВИ-дің 1017 жағдайы тіркелген, оның ішінде кезекші сынып оқушылары арасында 232 немесе 22,8%, қашықтан оқыту бойынша оқушылар арасында 785 жағдай, яғни 77,2%. 79 мектеп карантинге жабылды, қазіргі уақытта 21 мектепте карантин жалғасуда», - деді С.Бейсенова Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырған онлайн брифингте.

Студенттер арасында КВИ-дің 174 жағдайы тіркелді, колледж студенттері арасында – 35, ЖОО студенттері арасында – 139. Оның ішінде оффлайн форматта оқитындар арасында – 10, 6 жағдай ЖОО студенттері арасында және 4 жағдай орта оқу орындарының студенттері арасында анықталған.

«Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына баратын 94 баладан КВИ анықтады. Қазіргі уақытта 907 үй ошағы бар, 2260 қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауда», - дейді С.Бейсенова.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда ақпан айының басынан бері коронавирустың 2192 жағдайы тіркелген. Елордада коронавируспен ауырғандардың негізгі үлесі – 30-39 жаста.