Түркістан облысында медицина қызметкерлеріне екпенің екінші дозасын егу басталды

Қауіпті аймақта жұмыс істейтін 1 мың 300 адам ақпан айының басында вакцина алған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Араға үш апта салып, оларға екінші мәрте «Спутник V» вакцинасы салынды. Сала мамандарының айтуынша, бұл жолғы екпе алдыңғы вакцинаның әсерін күшейтеді. Әрі ағзадағы қорғаныш қабілетін арттырады. Алайда қауіпті аймақтағы қызметкерлерді егу шаралары аяқталмайды. Себебі облыста әлі үш мыңға жуық медицина қызметкеріне екпе салынбаған. Олардың қатарында жедел жәрдем мен қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Оларға 25 ақпан күні жеткізілетін 5 мың 600 доза вакцинадан егу жоспарланып отыр.

Нұрхан Нарымбетова, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары:

– Кезекте мұғалімдер, полиция қызметкерлері және басқалар деп үш топқа бөлінді. Қазір халықтың арасында өтініш түсіп жатыр екен. Олар да келіп алуға болады.