Петропавлдағы жарылыстан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Петропавлда өрт шыққан жатақханадан құтқарушылар оннан астам газ баллонын сыртқа шығарды. Осы балондардың бірі кеше бірінші қабаттағы дәмханада жарылған. Екі адам опат болып, 15-і түрлі жарақат алды.

Төтенше жағдайға байланысты шаһар басшысы Болат Жұмабеков зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы төленетінін айтты. Бұл шамамен үш жүз мың теңге шамасында. Бұдан бөлек қалада гуманитарлық көмек қоры ашылған.

Болат Жұмабеков, қала әкімі:

- Тұрғындарға бір жолға берілетін қаражат бюджетімізде әрине бар. Сондықтан мына тізім қазір аяқталды толықтай. Әрине ішінде тұрып жатқан әрбір азаматқа біз көмек көрсетеміз. Бюджет тарапынан да, бюджетсіз де. «Көмектесемін» деген басқа азаматтар да, кәсіпкерлер де бар. Сондықтан бір де бір адам проблемасымен бетпе-бет жалғыз қалмайды.