Жаңатастағы өрттен қаза тапқан балалардың ата-анасына пәтер берілді

Жаңатастағы өрт оқиғасы кезінде қаза болған балалардың ата-анасына жамбылдық мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударатын болды.

Сондай-ақ қара жамылған отбасыға демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Ал Сарысу ауданының кәсіпкерлері үйге қажетті жиһаз және тұрмыстық техникамен қамтамасыз етті. Балаларды жерлеу рәсімін жергілікті атқарушы органдар өз мойнына алып, тиісті қолдау көрсетілген болатын.

Олжас Сайлаубекұлы, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы: 

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жаңатас қаласындағы өрт салдарынан марқұм болған балалардың ата-анасына жан-жақты материалдық, психологиялық, дәрігерлік қолдау шаралары қолға алынған. Түрлі мемлекеттік емес қорлармен 3 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді.