419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысындағы Билікөл тартылып барады

  • 77
  • UPD: 20:40, 22.02.2021

Әулиеата өңіріндегі Билікөл тартылып барады. Қазірдің өзінде су деңгейі біраз төмендеп кеткен. Бұл проблема айдынға құятын өзен арнасын бұрғаннан кейін пайда болған. Жергілікті балықшылар судың тартылуы балық популяциясына кері әсер етіп, экологиялық апатқа алып келеді деп алаңдап отыр.

«Билікөлде су тартылып барады» деп дабыл қаққан Жаңаөткел ауылының тұрғындары. Өмір бойы балық аулап күнелтіп отырған жұрт жалғыз табыс көзінен айырылатын болдық деп қорқады.

Тұрғындардың айтуынша, бұл мезгілде бұрын-соңды судың деңгейі дәл бұлай төмендемепті.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Билікөл көлінің деңгейі дәл осы жерге дейін жететін болған. Ал қазір көріп тұрғандарыңыздай, қамыс ішімен келеміз көлдің табаны құп-құрғақ. Ал балықшылардың айтуынша, көлдің жағасына жету үшін дәл осы жерден бір шақырымдай жер жүру керек. Жағдай бұлай жалғаса беретін болса мұның соңы экологиялық апатқа алып келуі мүмкін деп алаңдап отыр.

Бар мәселе Аса өзенінің арнасы бұрылғаннан кейін басталған. Қазір көлге тамшы су бармай тұр. Салдарынан деңгейі 1,5-2 метрге дейін төмендеп, жағалауы құрғап кеткен. Оның үстіне Жаңаөткел ауылының халқы суды құдықтан тартып ішіп отыр. Көлде су азайса, жер асты сулары да қашып, елді мекенде ауыз су мәселесі туындайды.

Сұлтан Тұңғышбаев, аңшы:

- Аса өзенінің арнасын бұрып жіберген. Енді су көлді айналып ағып жатыр. Бұл туралы ешкім ескерткен жоқ. Су тікелей Бөгеткөл, Ақкөлге кетіп жатыр. Ал бұрын бұл көлдерге Билікөл арқылы су шығатын. Көктем шығып, күн ысыса күкіртті сутек бөліне бастайды. Қамыстар шіріп сасық батпаққа айналады. Қоршаған ортаға орасан зор зиян келеді.

Карп Стягов, балықшы:

- Жағалаудың бәрін қамыс басып кетті. Су төмендеп кеткен. Балық аз. Бізді осы көл асырап отыр. Көлге қайықпен жетудің өзі мұң болғалы тұр. Каналдарды тазартып, суды қайта өз арнасына бұруды талап етеміз.

Еремей Канцев биыл балық болмайтынын қазірден болжап отыр.

30 жылдық тәжірибесі бар балықшының айтуынша, бұл балық популяциясына кері әсер етеді.

Еремей Канцев, балықшы:

- Су өте таяз. Жақында балық уылдырық шашады. Су көбейіп жайылмаса, уылдырық күнге кеуіп қурап кетеді. Онсыз да көлді балықтандыру соңғы кездері сиреп кетті. Шабақ жіберу туралы айтып жатырмыз. Алайда бұған ешкім құлақ асатын емес. Ауға балық бұрынғыдай түспейді. Тіпті кейбір түрлері жойылып та кетті.

Алайда мамандар Билікөлге келер қауіп жоқ дейді. Айтуларынша, көктемде қар мен мұз сулары ерісе көл 55-60 процентке толуы тиіс. Ал Аса өзенін амалсыз бұрған көрінеді. Ақкөлде су тартылып, тұз көтерілген. Желмен ұшып егістіктер мен жайылымдарды басып жатқан соң жағдайды біршама түзеу үшін жасалған уақытша шара дейді олар.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Судың тапшылығына байланысты Билікөлдің суы көтерілмей Ақкөлге су жетпей отыр. Ақкөлдің көлі кеппес үшін Ақкөлге Сұлтан каналы арқылы су беріліп жатыр. Бұл белгілі бір уақыт ғана беріледі. Сол мерзімде Ақкөлдің суын толтырып біз қайтадан Билікөлге бұрынғы арнасына суды қосамыз.

Ақкөлге үш айда 6 миллион текше метр ғана су жиналған. Ал көлдің сыйымдылығы 264 миллион текше метр. Қазіргі қарқынмен оны толтыру үшін әлі бірнеше жыл кетеді. Ал жаңаөткелдіктер «бір көлді сақтаймыз деп, екіншісін бүлдіретін болды» деп алаңдаулы.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы