419,72 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы маңында әскери ұшқыштар кәсіби біліктілігін шыңдады

  • 89
  • UPD: 21:46, 22.02.2021

Әскери тікұшақ ұшқыштары кәсіби біліктілігін сынады. Алматыдан 140 шақырым жердегі «Қазақстан» авиация полигонында оқу-жаттығу өтіп жатыр. Мұнда ұшқыштар әуе техникасын қаншалықты жақсы меңгергенін көрсетеді. Жиында тікұшақтың екі түрі қолданылды. Экипаж құрамында әртүрлі авиациялық бөлімдерден келген әскери қызметкерлер бар.

Қазақстандық әскери авиация ұшқыштары жылына бір рет өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп тұрады. Біздің әскери-әуе күштерінде 4 сыныпты бағалау жүйесі бар. Әскери ұшқыштың шеберлігі сол бойынша анықталады. Сонымен қатар квалификациялық ұшу дегеніміз бөлімшелерге жаңадан келген жас офицерлер үшін емтихан ісепттес. Сынақ кезінде Ми-17 және Ми-35М тікұшақтары қолданылды. Мақсат С-8 зымыранымен және ГШ-23 авиациялық зеңбірегімен нысанаға дөп тигізу. 

Әрбір экипажға екі мүмкіндік беріледі. Олар жеке және топ құрамында нысананы жоюы тиіс. Баға тікұшақты шебер басқарғаны және нысананы дөп көздегеніне қарай қойылады. Содан соң тікұшақ арнайы алаңға қонып, экипаж ауысады.

Аманкелді Мақышев, 53975 әскери бөлімінің командирі:

- Біз қазір полигондағы басқару пунктінде отырмыз. Жаттығуларды 10-15 шақырым жерден бақылап отырамыз. Тікұшақтар «Қазақстан» полигонына жеткен соң жетекші нысаналарды атуға рұқсат береді. Тікұшақтар бірден немесе жұп болып жұмыс істейді. Олар кезек-кезек жердегі нысананы атады.

Соңғы жылдары Қазақстанның әскери авиациясы жаңа техникалармен жасақталып келеді. Соның бірі Ми-35М тікұшағы. Былтыр ол Ақтаудағы бөлімшеге берілді. Жеке құрам Ресейге барып білімін жетілдіріп қайтты. Жаңа тікұшақтарды меңгеру жақсы жүріп жатыр. Мысалы, Алматыдағы «Первомайск» әуе базасындағы ұшқыштардың барлығы бұл техниканы жетік біледі.

Ержан Мақжанов, экипаж командирі:

- Бұл Ми-35М тікұшағын меңгеруді өте ауыр деп есептеймін. Сыныптық біліктілікті арттырудың ең басты мақсаты осы ұрыстық дайындық болып саналады. Ол тікұшақ, армиялық авиация ұшқыштары арасында ең маңызды рольді атқарады.

Әскери тікұшақ ұшқыштарының жиыны наурыз айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында әскерилер Алматыдағы Первомайск әуе базасында тұрып, жаттығатын болады. Содан соң олар өздерінің әскери бөлімшелеріне оралып, Қорғаныс министрлігімен бекітілген әскери дайындықтарын жалғастырады.

Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы