Павлодар облысында COVID-19-ға қарсы ревакцинация басталды

Павлодар облысында вакцинациялаудың екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айдың басында «Спутник V» вакцинасын алған еріктілерге екінші компоненті енгізіліп жатыр. Дәрігерлер осыдан кейін COVID-19-ға тұрақты иммунитет қалыптасатынын айтады. Қолданылған препараттың екі түрлі компонентін араластыруға болмайды. Екі арада 21 күн өтуі тиіс.  Павлодар облысы бойынша 1200 адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Екінші кезеңі басталған алғашқы күні 50 адамға екпе жасалды. «Спутник V» препаратының кезекті партиясы Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың орталық қоймасына демалыс күндері жеткізілді.

Айдар Сейтқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бүгіннен бастап біз тұрғындарға оның ішінде медицина саласының қызметкерлеріне екпенің екінші компонентін сала бастадық. Ақпанның бірінде вакцина салдырғандар араға 21 күн салып, екінші компонентін алып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде мен алдыңғы шепте еңбек етіп жатқан мамандармен бірге вакцина жасаттым. Әзірге ешқандай әсері білінбейді. Бәрі жақсы болатынына сенемін.

Әділжан Әлбазаров, облыстық кардиологиялық орталықтың директоры:

- Ресейде жасалған «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Кері әсері болмас үшін дәрігерлердің нұсқауын бұлжытпай орындау керек. Бірінші кезегін алған кезде бойымда ешбір өзгерістер байқалмады. Жағдайым жақсы, жұмысыма да кедергісі тиген жоқ.