Сарыағашта кезекті той тоқтатылды

Түркістан облысының полицейлері кезекті қыз ұзату тойына келушілерді тарқатты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері карантин режимін және шектеу шараларын сақтау мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыруда. Осындай кезекті арнайы құрылған топпен бірге профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында, Сарыағаш қаласының көшелерінің бірінде орналасқан тойханада қыз ұзату тойы өтіп жатқаны анықталған. Аталған тойға шамамен 100-ге жуық қонақ жиналған. Тойдың үстінен түскен тәртіп сақшылары аталмыш тойға келушілерге карантин режимін түсіндірді. Сонымен қатар оны тоқтатып, қонақтарды үй-үйлеріне тарқатты.

Көпшіліктің басын қосып, өмірлеріне қатер төндірген той жасаушы азаматқа және тойхананы жалға алып жұмыс істетушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген карантин режимін және шектеу шараларын сақтамағаны үшін, жинақталған құжаттар Сарыағаш аудандық СЭББ-ге жолданды.