Елімізде баспана бағасын тұрақтандыратын жоба жасалып жатыр

«Отбасы банкі» елімізде баспана бағасын тұрақтандыратын жобаны қолға алды.

Бұл туралы бүгін тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері қаралған Үкімет отырысында «Отбасы банкі» басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Қазір банк оффтейк келісімшарты бойынша жеке құрылыс салушылармен жұмыс жүргізеді. Жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында жеке құрылыс салушылармен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында мемлекеттік қаржыландыруды тартпай ілкі жобаны іске асыру үшін әзірленіп жатыр», - деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану бойынша ипотекалық қарызды өтеуге 35 мыңнан астам өтінім, ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға 28 мыңнан астам өтінім, туысқа жинақтарды беруге 20 мыңнан астам өтінім түсті. 2021 жылғы 19 ақпандағы жағдайға сәйкес, зейнетақы қорынан 564 млрд теңге сомасына 98 мың өтінім жіберілді. 145 млрд теңге сомасына 28 мың өтінім жүзеге асты.