419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде өндірілген вакцинаның 90 мың дозасы аймақтарға жөнелтілді

  • 73
  • UPD: 20:52, 23.02.2021

Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде өндірілген коронавирусқа қарсы «Спутник-V» вакцинасының алғашқы 90 мың дозасы аймақтарға жөнелтілді.

Мамандар келешекте бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Оған кәсіпорынның әлеуеті жеткілікті. Бұл туралы кенді өңірге жұмыс сапарымен барған премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Тақырыпты тілші тарқатады.

Мамандардың айтуынша, тек алдағы наурыз айында мұнда вакцинаның 150 мың дозасы өндірілсе, сәуірге дейін бұл көрсеткіш 600 мыңға ұлғайтылады. Осылайша халықты коронавирусқа қарсы вакцинамен қажетті деңгейде қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Қарағандыда өндіріс орнында шығарылатын вакцинаның 90 мың дозасы осы жерде бүгін шығарылып жатыр. Осы жұманың аяғына дейін облыстардың барлығына түбегейлі жеткізілетін болады.

Кәсіпорын ресейлік вакцинаны алдымен тәжірибе түрінде аз мөлшерде шығарып, Гамалея атындағы ғылыми орталыққа жіберген. Ондағы мамандар екпенің қауіпсіздігі мен сапасын және тиімділігін жан-жақты тексеріп, кейін тіркеуден өткізген. Сөйтіп еліміз бұл вакцинаны қолдануды мақұлдаған әлемдегі 27-ші мемлекет болып отыр.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Өте маңызды сәт. Алғашқы вакциналарды шығардық. Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды, оның құрамына бейінді ведомстволардың басшылары және Қарағанды фармацевтикалық зауыттың мамандары кірді. Мәселелер күнделікті режимде талқыланды. Қысқа мерзімде технология трансферін, өндірісті жолға қою, қызметкерлерді оқыту сынды сұрақтарды шештік.

Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен қажетті субстанцияны Ресейден алады. Оны сақтау мерзімі екі апта ғана. Осы аралықта елге жеткізіп, одан екі компонентті вакцина жасау керек.

Ерхат Есқалиев, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

– Біз өндірілген вакцинаны өзіміздің қоймада сақтаймыз. Емдеу мекемелері қанша тапсырыс берді, сол мөлшерде ғана шақтап жөнелтіп отырамыз. Себебі көп көлемде қабылдауға барлық ауруханалардың қауқары жетпейді. Ал оны белгілі бір температурада ұстау керек, әйтпесе жарамсыз күйге түседі.

Айта кету керек, дайын вакцина кәсіпорын жанындағы және ресейлік ғылыми орталықтарда тексерілген соң ғана пайдалануға жөнелтіледі. Препараттар екпе кабинеттеріне жеткенге дейін барлық санитарлық, фармакологиялық талаптар сақталады дейді мамандар.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы