423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда «30 игі іс» марафоны жалғасып жатыр

  • 878
  • UPD: 20:40, 23.02.2021

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 игі іс» марафоны жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейірімділік эстафетасына республиканың еріктілер қозғалысы, қоғам қайраткерлері, әртістер мен түрлі ұйымдар атсалысып жүр. Олар жалғызбасты зейнеткерлер мен ардагерлерге, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау білдіріп, көмек көрсетуге ниетті.

Елімізде қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар аз емес. Былтыр еріктілер жылы аясында барлығы бірігіп, мыңдаған азаматқа жәрдем берді. Мәселен, жаңа оқу жылында республика бойынша 6 мың ноутбук пен 3 жарым мың планшет таратылды. Нәтижесінде аз қамтылған отбасылардағы балалар онлайн оқуға мүмкіндік алды. Мақтаарал ауданындағы табиғи апаттан зардап шеккендерге құны 3 миллиард теңгенің азық-түлігі мен киім-кешегі жеткізілді. Игіліктің ерте кеші жоқ. Сондықтан еріктілер әлі де қайырымдылық жасап жүр.

Наргизам Махмұдова, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

– Бүгін біз 120 отбасыға таңдап азық-түлік себеттерін, қой етін бөліп бердік. Демеушілеріміз бар. Күнделікті бұл жұмыс атқарлып жатыр, атқарылады да.

Еріктілердің айтуынша, соңғы уақытта көмек көрсетемін дейтін кәсіпкерлер саны көбейген. Кейбірі өзі хабарласып, аз қамтылған отбасыларды керек-жарақпен қамтамасыз етуге атсалысып жүр. Солардың бірі – Фархат Айсаров.

Фархат Айсаров, ерікті:

– Пандемия басталғанда біз еріктілер қозғалысына қосылдық. Мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек алып барамыз. Қалада жер үйде жалғыз тұратын қарттар көп. Солардың қарын күреп, пешін жағуға жәрдемдесеміз. «30 игі іс» марафоны аясында елорда тұрғындарына 500 азық-түлік кәрзеңкесін тараттық. 

Еріктілер қатарында түрлі мамандық өкілдері бар. Әрқайсысы өз саласында қол ұшын созуға даяр. Мысалы, жасөспірімдерге қолдау көрсететін психологтар қайырымдылық шарасы аясында тегін қызмет көрсетеді. 

Дариға Ташенова, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы