427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында өрістегі малға тыныштық болмай тұр

  • 220
  • UPD: 21:06, 23.02.2021

Қызылорда облысында ұры-қарыға тоқтау болмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл-аймақ тұрғындарына барымташылар тыныштық бермейді. Жыл басынан бері 46 дерек тіркелді. Полиция 26 қылмыстық топты ұстады. Алайда барымташылардың тоқтар түрі жоқ. Төрт түлік өрбітіп, жан баққан шаруалар оңай олжаға құныққан ұрыларға қатаң жаза қолдануды сұрап отыр.

Өңірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлауға қарсы іс-қимыл жол картасы» әзірленді. Полицейлер трасса мен қала көшелерінде мал тиеген жүк көліктерін тоқтатып, түгел тексеріп жатыр. Елді титықтатқан ұрыларды ұстауға тұрғындар да көмектесіп, аймақтық полиция инспекторы және ауыл әкімдері бірлесіп барымташыларды аңдуға шығады. Бірақ оларды ұрлық үстінде тұзаққа түскендер мал иесімен мәмілеге келіп, көп ұзамай бостандықта қайта тайраңдап жүретіні таңқалдырады.

Ғалымжан Өмірзақов, қалалық ПБ бөлім басшысы:

– 2020 жылдың қазан айынан бастап ҚР ҚК жаңа бап енгізілді. Қазір екі тараптың достасуына мүмкіндік жоқ. Міндетті түрде іс қозғалады. Ол бойынша істің ауыртпалығына байланысты шешімдер қабылданады. Ұрланған малдың 70% өрістен жоғалып кетеді.

Тұрғындар қолдағы түлігін жайылым-шабындыққа жібермей, қораға қамап тағы отыра алмайтыны анық. Бірақ бас-көз болатын бақташы жалдаған дұрыс әрине. Полицейлер сондай-ақ қоқыс жәшіктерінен қоректеніп, қала ішінде қараусыз жайылатын түлік иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп әлек. Бірақ әлі босып жүрген мал көп. Облыс көлеміндегі барлық ет өңдеу нысандарына бейнекамералар орнатылды. 22 жылдан бері сауда орындарын ет өнімдерімен қамтып келген мына цехта күніне 15-17 мал сойылады. Бекетке әкелінген түлік пышаққа ілікпес бұрын 3 күндей карантинде тұрады. Ұрланған немесе ауру мал екені сол уақыт ішінде анықталады екен.   

Бауыржан Шағыров, мал сою алаңының иесі:

– Құжат сыртына көлік нөмірі, әкелген адамның тегі жазылады, сөйтіп барып қабылдаймыз. Союға жібергенде мәліметтер базасына тіркелген соң сойылады. Соятын өзіміздің қасапшылар бәрін тазалап, базарға дайын күйінде жібереді. Базардан зертхана қабылдайды, одан кейін ветеринарлар тексереді. Содан кейін барып сатылуға шығарылады.  

Қызылордада мал базарында бұған дейін түлік саудасы түнде қызатын. Қазір күндізге ауыстырылды. Рейд барысында рұқсат қағазың жоқ деп базар басшылығы түсіру тобын да кіргізбеді. Егесі шымкенттік жеке кәсіпкер иелігіне біз түгіл погон таққан полицейлер бас сұға алмады. Сөйтіп әр сейсенбіде өтетін түлік жәрмеңкесін қабырға сыртынан көріп қайтуға тура келді.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы