Елімізде безбүйрек аналарға заң неге қатал емес?

Елімізде жыл басынан бері екі шақалақтың өлімі тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа туған сәбилерді аналары өлтірген. Жан түршігетін оқиғалар көбейгені өкінішті. Бауыр еті баласын өлімге қиған аналар кем дегенде 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Қазақ халқы бауыр еті баласын әлпештеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіретін.

Өкініштісі, қазір адами қасиеттен айнып жатқандар жеткілікті. Бұқаралық ақпарат құралдарында «жаңа туған сәбиді қоқыс жәшігіне тастап кетті», «шақалақты өлтірді», «бүлдіршінге пышақ салды», «сәбиді дәретханаға тастады» сынды жаңалықтарды жиі естиміз. Ақпан айының басында Казталов ауданында айыпталушы кінәсін мойындаған соң екі жылға сотталған. Мұндай қылмысқа барған адамдарға заң неге қатаң емес? Безбүйрек аналар өз іс-әрекеттеріне есеп бере ме?

Серік Беркамалов, қала бойынша заңгерлер одағының төрағасы:

– Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» деп аталатын 100-бап енгізілген. Анасы жаңа туған баласын өмірге әкелген кезінде өлтірсе, 4 жылға дейінгі мерзімге сотталады. Немесе сол мерзімге бас бостандығы шектеледі. Ал бұл жағдайда айыпталушы өз кінәсін мойындап, жасаған қылмысына шын жүректен өкінетінін айтқан болу керек. Тиісінше, сот көзделген санкция шеңберінде жаза шығарды және жеңілдететін мән-жайларды ескерді.

Баласын өлтірген әйелдер өз ісіне есеп бере алмайды. Жаңа босанғанда күйзеліске ұшырауы мүмкін. Қорқыныш пен қоғамдық қысым да бар. Кейде әкесі баласынан бас тартқан жағдай да кездеседі. Мұндайда әйел өшін баладан алады. Психологтың айтуынша, мұндай қылмысқа жастық буы басылмаған, жауапкершілікті сезінбейтін әйелдер барып жатады. Олар үшін жаза қатал болу керек дейді.

Зарина Штеер, психолог:

- Статистикаға сәйкес кейбір әйелдер түсік тастауға ақша таба алмай, жоқшылықтан осындай әрекетке барады. Немесе кей жағдайда сөзге қалып, масқара боламын деп те ойлайды. Жауапкершіліктен қашып, үрей мен қорқынышқа жол бермеу қажет. Жұрт не дейді деген оймен өмір сүріп, сұмдық қылмысқа бел буып жатады. Психологпен, туысқандармен бірлесіп тығырықтан шығуға болады ғой.

Әлемнің көптеген елінде ананың жаңа туған баланы өлтіруі аса қауіпті қылмыс түріне жатпайды. Бірнеше жыл бұрын Ресейде жазаны қатаңдату туралы айтылды. Қазақстанда осы мәселе назардан тыс қалып келеді. Жалпы денсаулығында ақауы бар немесе күйзелісте жүрген әйелдерді мәжбүрлеп емдеу мәселесі де өзекті.

Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ...