Желіде танымал болған қостанайлық полицей 15 адамды өрттен құтқарған

Патрульдік полицейдің жұмысы шытырманға толы. Қоғамдық тәртіпті күзетіп, жол ережесін қадағалайтын сақшылар өмірін қауіп-қатерге тігеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтүтек боранда адасқан көліктерге жол көрсетіп, екі шақырым жүгірген Амантай Байжановтың іс-әрекеті өткен аптада Қазнетте әлеуметтің алғысын алды.

Әкесі жұмыстан келгенде бір жарым жасар Арслан қуанышын жасырмайтын. Ал бұл жолы камерадан ұялғандай болды. Жұбайы Гүлнәр отағасының он екі сағаттық ауысымнан келгеніне шүкіршілік етіп, жай ғана жымиып қойды.

Гүлнәр Байжанова, Амантай Байжановтың жұбайы:

– Полиция әйелі болу өте қиын. Өйткені біз оны көрмейміз. Үнемі жұмыста. Біз баламен үнемі екеуміз үйдеміз. Достарға, ата-аналарға мерекеде бара алмаймыз. Оған өзім хабарласып тұрамын.

Амантай қызметте адал. Өз міндетін мүлтіксіз орындайды. Көмек сұрағандарды ешқашан бейжай қалдырған емес. Осындай кеңпейілділігі арқасында талай адамды қиын жағдайдан құтқарған.

Былтыр әріптесімен бірге 15 адамды өрттен аман алып шықты. Ал жақында жедел шешім қабылдап, оннан астам көліктің алдына түсіп, екі шақырымдай жаяу жүгірді. Сөйтіп көліктердің абайсызда жолдан шығып, тосын жағдайға ұрынбай қала ішіне кіруіне себепші болды.

Екі шақырым жолды бағындырған лейтенанттың іс-қимылы интернетті қас-қағым сәтте жаулап алды. Полицей сол ауысымнан танымал боп оралды. Амантай өзінің өз әрекетін ерлікке бағаламайды. Жұмысым сондай дейді.

Амантай Байжанов, ПБ патрульдік полиция лейтенанты:

– Видео әлеуметтік желіде тез арада тарап кетеді деп ойламаппын. Барлығы мені қаһарман деп жатыр. Менің орнымда басқа біреу болғанда, ол да дәл сондай шешім қабылдар еді.

Әріптестері Амантайды ешқашан жарға жыққан емес. Солардың қолдауымен суға да, отқа да түсуге дайын. Барлық қызметкер тыңғылықты дайындықтан өтеді.

Ербол Абдеев, ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

– Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерін іс-қимылдарын бағалайтын халық тек қана. Басшылар емес. Халықтың көңілінен шықсақ – біздің басты мақсатымыз. Жұмыс кестесі өте қиын. Таңертеңгі сегізден кешкі сегізге дейін. 12 сағаттық жұмыс. Ол өте қиын. Бізге келген азаматтар қиын екендігін түсінеді.

Боран кезінде ерлік танытқан полицейлер министрліктен алғысқа ұсынылды. Ал Амантай елге қызмет етіп жүргеніне еш өкінбейді. Ыстығы мен суығына төзуге әрдайым дайынмын дейді.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров