Шымкентте тойхана иелері шығыннан көз ашпай қалды

Пандемияға орай жұмысын тоқтатқан шымкенттік тойхана иелері қыруар шығанға батқан. Соңғы бір жыл бойы мүлде қызмет көрсетпегендіктен банктен алған несиені өтеу де қиынға соғуда. Арыз-шағымдарын кәсіпкерлік палатасына түсірген олар, құзырлы ұйымдардан жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрап отыр.

Шолпан Өмірзақованың тойханасында салтанатты шара өтпегеніне бір жылдан асып барады. Салдарынан қызметкерлері де жұмыстан босатылған. Талай той-жиын өтіп, көпшілікке қызмет еткен нысанды бүгінде күтіп ұстаудың өзі оңайға соқпай тұр.    

Шолпан Өмірзақова, тойхана иесі:

- Осы күнге дейін біз жұмыс жасаған жоқпыз. Әрине Шымкенттегі тойханалардың барлығы, көбі кредитте. Олар да осы бизнеске сеніп кредит алған. Қаншама даяшылар, аспазшылар, жұмыс қызметкерлерінің барлығы қазір үйде отыр.

Қаладағы тойханалардың барлығында да дәл осындай жағдай. Ісін қайта жалғастыруды күтуден әбден шарған иелері соңғы уақытта кәсіпкерлік палатасынан қолдау сұрай бастапты. Себебі жұмыстың тоқтауынан келтірілген шығын да өсіп барады.

Сабира Адамбекова, қалалық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасына тойхана  нысандарының иелерінен шағымдар келіп түсуде. Өтініштер келіп түсуде. Шағымдарында кәсіпкерлер, бүнігі жағдайға дейін, осы бір жыл бойы сол тойханалардың қызметіне рұқсат етілмеуіне байланысты өз  пайдаларынан айрылып отырғанын айтты.

Шымкентте жалпы саны 100-ден асатын тойхана бар. Пандемияға дейін алты мыңға жуық адам еңбек етіп, айына әрқайсысы шамамен 15 шарадан өткізіп тұрды. Ал бүгінде бірі сатылымға қойылса, енді бірі бос тұр. Кәсіпкерлер қызмет етпеген әр күн үшін шығынның болатынын айтады.

Серік Ауезбаев, тойхана заңгері:

- Мысалы, қыс мезігілнде жылу ақысын төлеу қажет. Бұл да шығын. Бұдан басқа, бас аспазшы мен өзге де қызметкерлерімізді ұстап тұруымыз керек. Жыл бойы жұмыс істемесек те оларға да төлемақы беруіміз қажет. 

Бұған дейін бос қалған салтанат залдарын жергілікті билік білім мекемесіне айналдыру туралы ұсыныс айтқан болатын. Өтінішті қабыл алып, құптағандары да болды. Нәтижесінде той – садақа өткізген орындарда бала оқыды.

- Алайда нысанның жұмысын өзге бағытқа өзгерткендер көп болмады. Енді қайта қызметін жалғастыруға рұқсат берулерін сұрап отыр. Ал кезегінде тиісті талаптарды қатаң сақтауға уәде беруде. Дегенмен, кейбір тойханалардағы орындардың 200-ден мыңға дейін жететінін ескерген санитар дәрігерлер өтінішті орындау әзір ерте дейді.

Жұмабек Ержанов, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Бас санитар дәрігерінің қаулысына байланысты 50 адамнан жоғары орындары бар тағам нысандарына рұқсат берілмейді жұмыс істеуге, қоғамдық тамақтану орындарына. Себебі ол жерде үлкен, көп адам шоғырланып аурушаңдықтың көбеюіне әкелуі мүмкін. Сондықтан қазіргі карантин уақытында олардың жұмысы тоқтатылып тұр.

Ал карантин режимін бұзғандар қалада күн сайын анықталуда. Мобильді топтар жасырын түрде той-садақа өткізгендерді де тіркеп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов