Маңғыстау облысында 350 медицина қызметкері вакцина салдырды

Маңғыстау облысында медицина қызметкерлерін вакциналаудың екінші кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін 350 маман екпе қабылдаған. Ереже бойынша ресейлік «Спутник V» препараты 21 күннен соң ағзаға екінші рет салынады. Вакциналау үшін жергілікті емханаларда 10 егу кабинеті әзірленді. Екпе алған адамдар бірнеше тәулік бақылауда болады. Ақпан айында шалғай аймаққа әуе борты арқылы 2700 доза жеткізілді. Жылдың соңына дейін тағы 100 мың вакцина келуі тиіс. Бірінші кезекте дәрігерлер, мұғалімдер мен күштік құрылым қызметкерлеріне екпе ерікті түрде салынады.

Ғазиз Надуев, өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы:

- Иммундаудан кейінгі асқынулар мен реакциялар бүгінгі таңда тіркелмеген. Әрі қарай барлық вакциналар алған адамдарға 3 күн медициналық бақылаулар бүгінгі таңда жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, осы иммундаудың арқасында біз қазіргі шектеулерден, локдаун барлығынан да осы ұжымдық иммунитет болғаннан кейін ғана құтыламыз деп сенеміз.