Атырау кәсіпкерлері карантин талаптарына наразы

Атырау кәсіпкерлері аймақтағы карантин талаптарына наразылық білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бильярд, боулинг, компьютерлік ойын орталықтары бүгінге дейін жұмысын бастай алмай келді. «Күнкөрістен қағылдық», - дейді бизнес өкілдері. Мұнайлы өңір «жасыл» аймаққа өткенімен, ойын-сауыққа тыйым салынған болатын.

Ел ішін қауіпті індет жайлаған уақытта көптеген кәсіпкерлік нысан жабылды. Кейін карантиндік шектеулердің жеңілдеуіне байланысты кейбірі жұмысын қайта бастады. Алайда, 10 ай бойы жұмысын жалғастыра алмай отырған кәсіпкерлер шығынға шаш етектен батқан. Бильярд, боулинг, компьютерлік ойын орталықтарының иелері бүгін наразылық білдірді.

Азамат Қалжанов, бильярд орталығының әкімгері:

- Бизнесті жүргізу үшін кез келген адам несие алады. Несиеміз бар, салығымыз бар, коммуналдық қызмет бар төлейтін. Оның бәріне қаражат жұмсалуы керек. Яғни, осы ғимаратты ұстау үшін адамдарды ұстау үшін қаражат керек. Сол үшін қаражат алдық біз. Соның орнын өтей алмай жатырмыз қазір.

Пандемияға дейін облыста 16 бильярд орталығы болса, қазір оның алтауы жұмысын толық тоқтатқан. 2 боулинг нысанының бірі кәсіп бағытын мүлде өзгертіп жіберіпті. Сондай-ақ 10-ға жуық компьютерлік клуб жұмысын жалғастыра алмай отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл жағдайды назарға алатындарын айтты. Қауіпті індеттің кесірінен кіріссіз қалған кәсіп иелерінің шағымын жоғарыға жеткізуге уәде беріп отыр.

Абдолла Ідірісов, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы:

- Арыздардың бәрін қабылдадық. Өзіміздің тарапымыздан облыстық әкімшілік пен республикалық комиссия бар. Соған ұсынамыз, көтереміз.

Ойын орталықтарының иелері Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен келіспейді. «Жасыл» аймаққа өткенімен өзгеріс жоқ. Бұл республика деңгейінде шешілетін мәселе болғандықтан, облыс құзырында ештеңе жоқ екенін айтады жауаптылар.

Амантай Жұмағалиев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары:

- Бұл сұрақты шешу үшін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер еліміздің, соның қаулысы, не болмаса Үкімет жанындағы өңіраралық комиссияның шешімі керек.

1 жылға жуық уақыт табысынан айырылған кәсіп иелері енді не істерлерін білмей дал. Ойын орталықтарын ашайын десе, аңдып тұрғандар шап беріп, одан бетер шығынға батырады. Күйі қашқан кәсіптің енді қалай оңалары беймәлім.

Қауіпті індеттің кесірінен кірісінен айырылған кәсіпкерлер үшін қуанышты жаңалық. Бүгін Үкімет жанындағы Ведомствоаралық комиссия бизнес иелерінің өтінішін қарады. Комиссия шешімі бойынша 1 наурыздан бастап, боулинг, бильярд және ойын-сауық орталықтары жұмысына кіріседі. Сонымен қатар цирк қызметіне де рұқсат берілді. Енді спорттық сайыстарға келетін көрермендер саны нақтыланып жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин