Түркістан облысында балабақша қызметшілері айлықтарының негізсіз қысқарғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Соңғы екі айда жалақымызды 30%-ке төмендетіп тастады», - дейді ашынған тәрбиешілер. Бұл мәселеге жауаптылар айлықтың қысқаруы заң аясында іске асқанын айтады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Елімізде өткен жылы алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енді. Жаңа заң бойынша мұғалімдер мен тәрбиешілер өздерінің міндетіне жатпайтын, басшылық тарапынан жүктелген қосымша жұмыстардан босатылды. Осылайша, олардың әлеуметтік қолдауы күшейтілді. Ең бастысы, жалақылары өсті. Алайда Түркістан облысындағы балабақша қызметкерлері бұл заңның шарапатын көрмедік деп отыр. Айтуларынша, жалақылары керісінше, қысқарып кеткен.
Жеңіскүл Дайбекова, балабақша тәрбиешісі:
- Барлығымыз қазір карантинде отырғандықтан балабақша онлайн режимінде жұмыс істеп жатыр. Біздің айлығымыз оклад екеніне қарамай, аудандық білім бөлімінің басшылары мен есепшілері жанбасына шаққанда деген заңды алға тартып, мен сіздерге 70-80% айлық төлеймін деп хабардар етті. 18 ақпан күні. Алайда біз бұған келіспей, айқай-шумен аудандық білім бөлімінің мамандарын шақырдық. Білім бөлімі «100% төленеді» дейді, есепші мырза «төленбейді» дейді.
Осыған ұқсас жағдай облыстағы басқа аудандар да қайталанып отыр. Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, аудандық білім бөліміндегілер карантинді сылтауратып, балабақшалар толық жұмыс істеген жоқ. Біз жалақыны бала санына қарай төлейміз деген көрінеді.
Муниса Насибова, балабақша психологы:
- Карантинге байланысты балабақшалар жартылай жұмыс істесе, оған біз кінәлі емеспіз ғой? Басшылық «балаларды түгел қабылдауға әлі дайын емеспіз» деп отыр. Сонда неге біз зардап шегуіміз керек? Неге біздің жалақымызды қысқаруы тиіс? Біз жұмыстан қашып отырған жоқпыз, ертең шығыңдар десе, барамыз.
Ал облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары тәрбиешілердің уәжімен келіспейді. Олар жыл басынан бастап бекітілген жаңа заң бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтады. Яғни, мектепке дейінгі мекемелерге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілген. Ал жекеменшік балабақшалар бұл жүйеге әлдеқашан көшіп кеткен. «Мәселе мемлекеттік мекемелерде», дейді.
Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:
- Біз оны қараша, желтоқсан айында айтқанбыз. Қанша бала бар, сонша қаржы беріледі. Соған қарап, үнемдеңдер. Кейінгі айларда осындай мәселе туындамасын деп. Мінекей, ескертпелерімізге қарамастан мемлекеттік мекемелерде балабақша қызметкерлері бұрығыдай айлық аламыз, дәл солай жұмыс жүре береді деген түсінік әлі күнге дейін өзгермей отыр. Бұл бекітілген қағида, арнайы заң бар. Жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша жұмыс істейді. Қанша бала бақшаға барады, сонша қаржы беріледі.
Сондай-ақ білім басқармасындағылар бұл мәселені өңірдегі туу көрсеткішінің жоғары, бала санының көп және балабақша қажеттілігімен де байланыстырады. Оған қаржыландыру жұмыстарының баяу жүргізілгенін қосыңыз. Соның салдарынан өңірдегі қордаланған осындай мәселелер өзі-ақ қалқып бетіне шыққан. Ал оны жауапты сала мамандары министрлік арқылы шешіп, қаржыландыру тектіктерін жолға қоямыз деп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы