Сарысу ауданының тұрғындары жайылымға жарымай отыр

Жамбыл облысы Сарысу ауданының тұрғындары малын өріске шығара алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, жайылым тапшы. Арыстанды, Қаратас ауылдары тіпті қоршауда қалған. Ауыл маңындағы жердің бір бөлігі егіс алқабына берілсе, қалғаны жекенің меншігіне өтіп кеткен.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Сарысу ауданындағы Арыстанды елді мекені жайылымға жарымай отыр. 50-ден астам түтіні бар ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Елді мекенде шамамен 2 мың бастан астам уақ мал, 300 сиыр, 100-ден астам жылқы тіркелген. Алайда қазір осыншама төрт-түлікті жаятын өріс жоқ. Төңіректегі жер түгелдей егістік. Ауылдық ағайын «қоршауда қалдық» деп наразы.

Төлеген Ыдырысов, Арыстанды ауылының тұрғыны:

- Сиырдың сүтін сауып күн көріп отырған 25 төмен отбасы бар осы Арыстандыда және Қаратаста. Бәрі осы малмен күн көріп отырғаннан кейін тұрғылықты халықтардың осы мал жайылымдығын және егістігін шешіп берулеріңізді өтінеміз. Дау қылмай. Әділ жолымен шешіп берулеріңізді өтінемін. Бізге жайлымдық жер керек.

Вәли Ахметовтың айтуынша, бұған дейін жұрттың мал жаятын 500 гектардай жері болған. Алайда өмір бойы мал өрісі болған алқап жекенің қолына өтіп кеткен. Бұл туралы жұрт малдарын қуып, жаюға тыйым салған кезде бірақ білген. Былтыр қожайыны жерді жыртып, егістік алқабына айналдырған көрінеді. Енді ауыл халқы малды тастаққа жаюға мәжбүр.

Вәли Ахметов, Арыстанды ауылының тұрғыны:

- Қысылып отырмыз. Малымыздың бәрі ақсақ. Қойымыздың бәрі іш тастады. Қайда барамыз. Мына қырға шығады екі шақырым. Суға келеді үйге. Қайтадан сол жаққа барады. Шаң, топырақ. Соның кесірінен. Жерді былтыр алған. Әкімге айтсақ, әкімшілік «өй бұрын өтіп кеткен ғой» дейді.

Тұрғындар проблеманы жергілікті әкімдікке айта-айта күдерін үзген. Мәселе жиындарда талай рет көтерілгенімен, еш нәтиже шықпай тұр. Енді облыс деңгейінде көмек сұрауды ұйғарып отыр. Ал аудандық әкімдік өкілдері жайылым тапшылығы барын жасырмайды. Оны мал басының артумен байланыстырады.

Олжас Көкей, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары:

- Жерді алып, пайдаланбай отырған шаруашылықтар бар. Сол шаруашылықтарға біз мониторинг жүргізіп, осы дәл қазір екі ірі жер пайдаланушы тұр. Тағы да майда-шүйде шаруашылықтар бар жұмыс істемей отырған. Солардың жерлерінің бәрін қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда тағы да бұл кіші кәсіпкерлікке және орта кәсіпкерлікке мораторий жарияланғандықтан, осы бізге кішкене әрине, жұмыста қиындық тудыруда.

Облыстық жер қатынастары басқармасы жүргізген талдау кезінде өңірде 1,3 миллион гектар жайылымдық жері бар 4600-ден астам агроқұрылым анықталған. Тексеру кезінде олардың ешқайсысында бірде-бір мал тіркелмегендігі белгілі болды. Қазір оларға шара қолдану үшін тізім аудан әкімдіктеріне жолданды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіәллә