Өскеменде «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» компаниялар тобында еңбек еткен 2 мыңға жуық қызметкер жұмыссыз қалмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Азаматтарға жан-жақты көмек көрсету мақсатында жедел штаб құрылды. Аталған автокөлік құрастыру зауыты алдағы айда өз жұмысын тоқтатуы мүмкін. Зауыт Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен арадағы келісімшартқа сәйкес міндеттерін атқара алмаған. Соңы сотқа ұласып, компаниялар тобы мемлекет қазынасына 174 миллиард теңгеге жуық қаражат қайтаруға міндеттелді. Әзірге бұл шешім заңды күшіне енген жоқ. Өндіріс орны 10 наурызда жабылуы ықтимал. Облыс басшылығы компания жетекшілеріне жұмысшылармен толық есептесіп, салық және коммуналдық төлемдерін өтеуді ұсынды. Бұған дейін бұғатталған зауыт шоттары қайта ашылды. Жұмыстан босайтын 2 мыңға жуық адамды еңбекке тарту бойынша өлкедегі және облыстан тыс мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. 270-тен астам азамат алдын ала келісіммен жұмыс тапты. Енді үлкен кәсіпорындар тарапынан автозауыт жұмысшыларына сәйкес 1300-ден астам қызмет тізімі берілді. Еліміздегі автокөлік құрастыру саласындағы ірі өнеркәсіп орындары да техникалық кадрлерге қызығушылық танытып отыр.
Даниал Ахметов, облыс әкімі:
- Жуырда еліміздегі ең ірі автоқұрастыру компанияларының өкілдері өңірімізге келеді. Қостанай облысының басшылығы да арнайы келіп, мән-жаймен таныспақ. Бұл облыстың әкімі шығысқазақстандық мамандарды жұмысқа орналастырып, оларға қолдау көрсетуге дайын.Тіпті бастапқыда ол азаматтар үшін ол жақта жатақхана салынады.Одан кейн баспана мәселесі де шешіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы жұмыстан босатылатын бірде-бір маман қолдаусыз қалмайды.
Лейла Елғонова, инженерингтік компания өкілі:
- Біздің инжинирингтік компания бұл жағдайға үлкен түсіністікпен қарайды. Сонымен қатар техникалық кадрларды жоғары бағалаймыз. Сондықтан өз тарапымыздан 100 шақты адамды жұмысқа алуға ынта білдіріп отырмыз.