Биыл Сыр өңірінің диқаншылары суармалы судан тапшылық көруі мүмкін

Биыл да Сыр өңірінің диқаншылары суармалы судан тапшылық көруі мүмкін. Өйткені Сырдария өзенінің деңгейі төмендеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, егінге су жеткізу мәселесі өткен жылғыдан да күрделі болады. Оның үстіне Тоқтағұл су қоймасының деңгейі 3 миллиард текше метрге азайған. Егін науқанына дейін Шардара мен Көксарайға да қажетті су жиналмай қала ма деген күдік басым. «Бұл таулы аймақтарда жауын-шашынның аз түсуімен тікелей байланысты», - дейді мамандар. Мұндай жағдай соңғы 20 жылда үшінші рет қайталанып тұр. Биыл күрішті былтырғымен салыстырғанда 5 мың гектар аз егу жоспарланып отыр. Тығырықтан шығудың жолдары арнайы іс-шаралар жоспарына енгізілді.

Серік Қожаниязов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Бұны тек ғана қағазға тізбектеп қоймаймыз, бұл жерде министрліктің өкілі болады. Ең кемінде айына осында 2 рет келіп, әрбір канал, әрбір біз келіскен шараларды қай деңгейде жасалып жатыр, ол дұрыс па, болып жатыр ма, не болмаса, қосымша шаралар керек пе, қосымша қаржы керек болады ма? Иә болмаса, біздің бағынысты мекемелер өзінің алған міндеттемелерін орындамай жатыр ма дегендей, соны бақылап, бізге жеткізіп отырады.