Маңғыстау облысында биыл алғаш рет 26 градус аяз тіркелді

Климаты жылы өңір Маңғыстауда қыс кәріне енді мінген сыңайлы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтаудан шалғай Бейнеу ауданында биыл алғаш рет 26 градус аяз болды. Қалған елді мекендерде сынап бағаны 20 градусқа дейін төмендеді. Синоптиктердің айтуынша, ауа райының күрт бұзылуына аймаққа солтүстік-батыстан келген циклон себеп болған. Салдарынан кей жерлерге қалың қар түсіп, соңы мұзтайғаққа ұласты. Аптаның аяғына қарай шуақты күндер келеді деген болжам бар.

Наталья Бочкова, «Қазгидромет» РМК филиалының инженер-синоптигі:

- Ауа райының күрт салқындайтыны жайлы 2 күн бұрын аймақ тұрғындарына СМС-ескерту жіберілді. Біз келтірген болжам расталды. Алайда, уайымдауға негіз жоқ. 26 ақпаннан бастап күн шуақты болады. Кей жерлерде көктайғақ сақталуы да мүмкін. Ақтауда ауа температурасы минус 4-5 градусқа дейін жылынады деп отырмыз.