Алматыда зейнеткерлер арасында скандинавиялық жүрістен жарыс өтті

Скандинавиялық жүріспен кез келген жаста машықтануға болады.

Алматыда жорға жүріске ден қойғандар қатарында 83-тегі қария да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы зейнеткерлер арасында жарыс ұйымдастырылды. Оған 50-ден астам ардагер қатысты. Талап бойынша олар скандинавиялық жүрістің техникасын сақтап, 3 шақырым жүріп өтті. Қос таяқпен жүру Скандинавия елдерінде кең тараған. Солтүстік Еуропа жұртының әр бесінші тұрғыны осы спорт түрін серік етеді. Қазақстан да оны кәсіби деңгейге көтеруді көздейді. «Белсенді өмір сүру орталығы» бұл жолғы жарысты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады. Келесі сайыс Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылады.

Гүлмира Қаблақатова, қала тұрғыны:

- Скандинавиялық таяқпен жүру бізге өте қажет болып жатыр. Өз басым биыл төртінші жыл қатысып жүрмін. Екі таяқпен жүргенге өте пайдалы. Аптасына үш мезгіл, бірінші күн, үшінші күн, жұма күні. Сонда бір күннен кейін ғой арасы, бір күн демалып, бір күн жүреміз, демалыс күндері демаламыз. Буындар, қолдар, көтере алмаған қолдарымызды көтеретін болдық, ақсаңдап жүрген аяқтар қазір жөнделіп жатыр.