Елорда іргесіндегі Нұресіл ауылы ауызсумен қашан толық қамтылады?

Нұресіл тұрғындары Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені шаруаны тек жоғары билік реттеуі мүмкін. Ал жергілікті шенеуніктер ауылдың ауызсу мәселесін шеше алмайтын көрінеді.

Нұресіл ауылының тұрғыны Саяхат Қабдолов күнделікті ауызсуын тасып ішеді. Елді мекенге көшіп келгеніне 10 жылдан аса уақыт болған. Жағдай содан бері өзгермепті. Құдықтың ащы суы ғана үйіне кіріп тұр.

Саяхат Қабдолов, Нұресіл ауылының тұрғыны:

– Ішуге сатып аламыз. Барлық үйде осы жағдай. Көбінде фильтр жоқ.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Нұресіл ауылындағы үйлердің жартысына жуығында фильтрлер тұр. Бұл қондырғылар құдықтан, яғни жер астынан алынатын суды сәл де болса тазартып береді. Бірақ ішуге жарамды емес. Бұл фильтрлер жиі істен шығатын көрінеді. Себебі 1 айға жетпей ащы судың әсерінен тот басады.

Ауыл тұрғыны Сағи ақсақалдың су тазалағыш қондырғысы жақында істен шыққан. Сол себепті амалсыз арбасын сүйретіп, орталыққа келеді. Қысы-жазы көрген күніміз осы. Тіршілік нәріне бір жарымай-ақ қойдық дейді қария.

Сағи, Нұресіл ауылының тұрғыны:

– 6-7 жыл болып қалды. Қысы-жазы осылай. Алдында фильтр қойғанмын. Бірақ ол сынып қалды. Қазір су өткізген дұрыс болар еді.

Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекеннің тең жартысында ауыз су бар. Бірақ қысымы кейде төмендеп кетеді. Ал 150 үйде мүлде су жоқ. Тұрғындар әр литрін 1 теңгеден сатып алады.

Сақып Жиенбаева, Нұресіл ауылының тұрғыны:

– 1996 жылы біз Қорғалжыннан көшіп келгенбіз. Содан бері айтып келеміз. Ешқандай беріліп жатқан жоқ. Ең құрығында 2021 жылы жасап беріңдерші.

Әкімнің сөзіне сенсек, 150 үйді ауызсумен қамтуға 800 млн теңге керек. Оны беретін аудан, облыс та емес. Мәселе тек республикалық бюджет арқылы шешіледі дейді атқамінер.

Сейфолла Ысқақов, Нұресіл ауылдық округінің әкімі:

– Біз неге көшелерді орталықтандырылған желіге қоса алмай отырмыз, өйткені шет жақта резервуар бар. Ол 240 кубтық. Оның қуаты жетпейді. Осы 3 көшеге суға қоссақ, түгел ауыл сусыз қалады. Сол жерден 1000 кубтық саламыз, көшелердің бәрінде құрылысы басталады.

Нұресіл елордадан 20 шақырым жерде орналасқан. Тұрғындары көбіне бас қалаға қатынап, жұмыс істейді. Ауызсу болса, уақытпен сатылады. Яғни, кешкі 8-ден кейін жұмысы тоқтайды.

Рауан Мыңбаев, Жандос Сұлтанғазы

Сондай-ақ...