Семейде іскер әйелдер қатары көбейіп келеді

Өз кәсібін ашып, атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан көпбалалы аналар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, былтыр 60-қа тарта ана грант алып, кәсібін бастады. Дегенмен қоғам белсенділері грант көлемі артса деген ұсыныс айтып, Үкіметке хат жолдады. Өйткені азғантай қаржы жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпті кеңейтуге жетпей жатады.

Семейлік Назым Мымбетова – 5 баланың анасы. Ол бұрын атаулы әлеуметтік көмек алып келген еді. Енді өз кәсібін ашу жөніндегі жоспарын жүзеге асырды. Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып, 500 мың теңге грант алған. Қазір оған құрал-жабдық сатып алып, кондитерлік өнімдер шығарып жатыр. Табысы өскен соң, жәрдемақыдан бас тартқан.

Назым Мымбетова, көпбалалы ана:

- Алдында өз күшіме сенген жоқ болатынмын, әрине үйде көп отырып қалғаннан кейін. Грантты алып, өзімнің жұмысымды бастадым. Жолдасым да қолдау көрсетті. Ол да өте маңызды, өйткені жалғыз өзім пісірсем, шықпаушы еді. Тұрақты клиенттер бар, сұраныс бар, әрі қарай жұмысымыды дамытқым келеді.

Назым сияқты кәсібін дөңгелеткендер аз емес. Соның бірі – шахматтан еліміздің екі дүркін чемпионы Жанар Әбділғазиева. Ол да «Бастау бизнес» жобасы арқылы білімін шыңдап, грант жеңіп алды. Қазір өзінің шахмат клубын ашып, оған 50-ден астам бала қатысып жүр. Арасында жарымжан бүлдіршіндер де бар.

Айман Нұрлыбек, қалалық жұмыспен қамту орталығы жетекшісінің орынбасары:

- 58 отбасы мемлекеттен грант алды. Оны негізінен көпбалалы аналар ірі қара, тігін цехын ашу үшін және де кондитерлік цехтар ашу үшін алады. Көпбалалы аналарға өзіндік жеңілдіктер бар. Оларға сертификат қажеті жоқ, бізге келсе, жұмыссыз болса және бизнес жоспары болса болды.

Қазір өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен шұғылданам деушілерге жол ашық. Ең бастысы ниет пен жігер, ал қалғанына жұмыспен қамту орталығы жөн көрсетеді. Қоғам белсенділері грант мөлшерін арттыру жөнінде де Үкіметке ұсыныс хат жолдапты.

Анар Сүлейменова, қоғам белсендісі:

- Үкіметке шығып, хат жолдадық. Грантты кішкене көбірек берсін деген ниетпен. Қазір 200 АЕК, енді біз 400 АЕК сұрап жатырмыз, берсе бір миллион теңгеден асар еді. Ол не үшін? Ең арзан сиыр 350 мың теңге, ал грант қазір 583 мың беріп жатыр, сонда олар қазір ол грантқа 2 сиыр да ала алмай жатыр. Сондықтан біз сұрап жатырмыз, осы қарапайым халық сол грантты алғанда дамуы керек.

Былтыр Семейде көпбалалы, тұрмысы төмен 2 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алыпты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе аз көрсеткіш. Биыл да жәрдемақыдан бас тартып, өз кәсібін ашамын деушілер қатары жетерлік.    

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы