Алматыда қалың қар жауды

Қыстың соңғы күндері Алматыда қалың қар жауып, ауа температурасы күрт төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми мәліметтер бойынша, қалада қардың қалыңдығы 20-30 сантиметрге жеткен. Ал таулы аймақтарда 30-40 сантиметрге дейін жауған. Түннен бері қала көшелерін, жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 560 техника 1500-ге жуық жол қызметкері жұмылдырылды. Қар күні бойы әлсін-әлсін жауады деген болжам бар. Дегенмен синоптиктердің айтуынша, қыстың соңғы күндері қаһарлы болғанымен Алматыда аз күнде көктемнің лебі сезіліп, күн жылынады.

Александр Сергеев, тұрғын үй саясаты басқармасы, абаттандыру бөлімінің бас маманы:

– Қазір қарды шығару жұмыстары жүруде. Нақтырақ айтқанда техникалар 1350 текше метр қарды тасыды. Енді көшеде көлік азайған соң, қар жаппай тазаланады. Өзіміздің 123 техникамыз бар, қосымша тағы 50 көлік жұмылдырылды. Қардың негізгі бөлігін түнде тасып, шығарамыз деп отырмыз.