Кәсіпкер жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, 50% шығынын мемлекет өтейді

Қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк келісімдер жасалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – нарықта алдын ала жасалатын шарт түрі. Мемлекет құрылыс компанияларымен келісіп, арзан әрі сапалы баспана салуды міндеттейді. Бұл туралы бүгін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтылды. Жаңа жүйе арқылы тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатылады. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары елде баспана салу қарқыны 11 процентке өскен. Алайда жаңа үйлердің дені Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында салынып жатыр. Оның өзінде, баспана бағасы тым қымбат. Әлеуметтік тұрғыда қолжетімді емес. Осы мәселені шешу үшін оффтейк келісімдерді жүзеге асыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде тұрғын үй салу қарқынын арттыру қажеттігін де атап өтті. Мұндайда кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетіледі. Мәселен, жеке компания жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет кеткен шығынның 50 процентін өтеп береді.